«Жыл кәсіпкері» байқауының финалистері анықталды: Монте-Карлоға Қазақстан атынан кім барады?

Қазақстанда EY халықаралық «Жыл кәсіпкері – 2026» байқауының финалистері анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бас жүлде үшін ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптен бастап медиа бизнесі мен жасанды интеллект саласына дейінгі түрлі бағытта еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер бақ сынайды. Байқау жеңімпазы Монте-Карлода өтетін халықаралық кезеңде Қазақстан атынан өнер көрсетеді.

Биыл байқау ұйымдастырушыларына Қазақстанның әр өңірінен кәсіпкерлерден 50-ден астам өтінім түскен. Оның 37-сі жартылай финалға өткен. Айта кетерлігі, байқау Қазақстанда өткізіле бастаған 20 жылға жуық уақыт ішінде алғаш рет қатысушылар арасындағы әйелдердің үлесі 35 пайызға жетті.

21 қарашада өткен жартылай финал қорытындысы бойынша тәуелсіз қазылар алқасы 15 финалисті таңдады. Олардың қатарында ірі бизнес топтарының өкілдерімен бірге Қазақстан үшін тың бағыттарды дамытып жүрген кәсіпкерлер де бар.

ФИНАЛҒА КІМДЕР ШЫҚТЫ?

  • Әсел Әділ – Adili Textile;

  • Данияр Бағдаулетов – Meta Farm;

  • Мирас Байжігіт пен Мағжан Ықрам – iGps Tech;

  • Ерзат Дулат – Higgsfield.AI;

  • Самал Ибраева – ULYS Media Group;

  • Майя Кайгородцева – «Лидер» инжиниринг компаниясы;

  • Қанат Копбаев – Kusto Group;

  • Роман Линейцев – Grand Games;

  • Гүлбану Майгарина – Lanzhou Company;

  • Фаррух Махмудов – Orbis Kazakhstan;

  • Жұлдызай Мұсаева – JUZ40 ONLINE;

  • Мақпал Ораққызы – MacDent;

  • Алмас Рысбеков – Jana Post;

  • Қанат Темірбеков – AlemAgro Group;

  • Мағзұм Төлеш – EasyTap.

БИЗНЕСТІҢ АУҚЫМЫ ҒАНА ЕСКЕРІЛМЕЙДІ

«Жыл кәсіпкері» атану үшін табысты компания құру жеткіліксіз. Қазылар алқасы бизнестің даму қарқынын, кәсіпкерлік рухты, қатысушылардың мақсаты мен ұстанымдарын, сондай-ақ олардың қоғамға тигізген ықпалын да ескереді.

Жеңімпаздарды Қазақстанның кәсіпкерлік ортасына жақсы таныс тұлғалар анықтайды. Қазылар алқасының құрамында Қайрат Мәжибаев, Елдар Әбдразақов, Еркін Тәтішев, Хусейн Озхан, Санжар Жамалов, Мағжан Мәдіев және Ораз Жандосов бар. Ал EY компаниясының өзі жеңімпаздарды таңдауға қатыспайды.

МОHТЕ-КАРЛОДАҒЫ КЕЗДЕСУ

EY ұйымдастыратын «Жыл кәсіпкері» халықаралық байқауына биыл 40 жыл толды. Қазір ол әлемнің 90-нан астам елі мен аймағын қамтиды. Қазақстан байқауға 2007 жылы қосылды.

Бас жүлденің иесі мен жекелеген аталымдар бойынша жеңімпаздардың есімі 2027 жылғы ақпанда белгілі болады. Ал мамыр айында Қазақстан кезеңінің жеңімпазы Монте-Карлоға барып, өзге елдердің үздік кәсіпкерлерімен кездеседі.

Сізге қызық болуы мүмкін