Украинаның Ливиядағы шабуылынан кейін әскери техника тиеген Ресей кемелері кері бұрылды

Иллюстрациялық сурет

Ливияға әскери техника тасымалдап бара жатқан Ресей кемелері Жерорта теңізінде бағытын күрт өзгертті. Бұл 22 қарашада Украинаның теңіз дрондары Ливияның Бенгази портындағы Ресей әскери кемесін суға батырғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Ливия жағалауына бет алған жүк кемелерін Ресейдің «Адмирал Головко» әскери фрегаты күзетіп жүрген. Алайда 22 қарашада Ресейдің «Меркурий» әскери кемесіне шабуыл жасалған күні олар Сицилия бұғазы маңында бағытын өзгерткен.

Бұл ақпаратты агенттікке еуропалық әскери қызметкер, Украина барлау қызметінің өкілі және Таяу Шығыстағы қауіпсіздік қызметінің дереккөзі растаған.

Reuters дереккөздерінің болжамынша, Ресей Украинадағы соғыс қимылдары жүріп жатқан аумақтан шамамен екі мың шақырым жерде жасалған шабуылдан кейін өз кемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысқан болуы мүмкін.

Кемелер қандай жүк тасымалдаған?

Топ құрамында әскери техника мен автокөліктер тиелген Maia 1, Lady R және Lady D атты үш жүк кемесі болған. Олар 5 қарашада Калининградтан шыққан.

MarineTraffic дерегінше, кемелер 12 қарашада Бискай шығанағында, ал 25 қарашада Алжир жағалауына жақын маңда болған. Дереккөздердің бірінің айтуынша, кемелер Жерорта теңізінде қозғалысын уақытша тоқтатқан. Олардың әрі қарай қай бағытқа бет алатыны белгісіз.

Кемелерді басқаратын ресейлік «Совфрахт» және «МГ-Флот» компанияларына АҚШ пен Еуропалық одақ санкция салған.

Ливияда не болды?

22 қарашада Бенгазидегі әскери-теңіз базасында тұрған Ресейдің «Меркурий» корветіне Украинаның теңіз дрондары шабуыл жасаған. Reuters дереккөздерінің мәліметінше, әскери кеме суға батып кеткен.

Украина президенті Владимир Зеленский аталған кеменің шабуыл нысанасына айналғанын растады.

Әскери техника кімге арналған?

Агенттік дереккөздерінің болжамынша, әскери жүктің бір бөлігі Батыс Африкадағы Ресейдің Африка корпусының бөлімшелеріне жеткізілуі мүмкін еді. Ресей Қорғаныс министрлігіне қарасты бұл құрылым Африка құрлығында «Вагнер» жеке әскери компаниясының орнын едәуір дәрежеде басты.

Сондай-ақ, техниканың бір бөлігі Ливияның шығыс аймағын бақылауда ұстап отырған және Мәскеумен байланыс орнатқан Халифа Хафтардың Ливия ұлттық армиясына арналуы да мүмкін.

Бұған дейін аталған кемелердің кейбірі Сириядағы азаматтық соғыс кезінде Башар Асад үкіметіне әскери техника жеткізуге қатысқан. Сириядағы саяси жағдай өзгергеннен кейін Ресей Африкадағы әскери қатысуын қамтамасыз ету үшін теңіз жолдарын пайдалануды жалғастырған.

Ресей кемелеріне Қара теңізден тыс аумақта шабуыл жасалу жағдайлары сирек кездеседі. Reuters дереккөздерінің пікірінше, Бенгазидегі шабуыл мен Ресей кемелерінің кері бұрылуы Ресей мен Украина арасындағы соғыстың салдары өзге аймақтарға да әсер етіп жатқанын көрсетеді.

Сізге қызық болуы мүмкін