Он жыл түрме және жария қызметке тыйым: Боқаев ісі немен аяқталды

Ulysmedia.kz коллажы

Алматыда қоғам белсендісі Санжар Боқаевқа қатысты сот процесі айыптау үкімімен аяқталды. Сот оны 10 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар дәл осындай мерзімге жария қызметпен айналысуына тыйым салды. Бір айдан астам уақытқа созылған атышулы сот процесінің қалай өткенін Ulysmedia.kz тарқатады.

Үкім әр залда тыңдалды

27 қарашада Алматы қаласының Алмалы аудандық сотына жиналғандардың қарасы қалың болды. Алайда олардың бәріне сот отырысы өтетін залға кіруге рұқсат берілмеді. Бір бөлігі үкімді арнайы бөлмеде күтсе, енді біреулері сот ғимаратының кіреберісінде қалды. Журналистер сот шешімін бейнебайланыс арқылы бақылауға мәжбүр болды.

Судья үкімді оқып болған соң да БАҚ өкілдері сот ғимаратынан бірден шыға алмады. Оларды белгісіз себеппен біраз уақыт бөлмеде ұстап қалды.

Боқаевпен бірге сот алдында оның жиені Мадияр Қалменов пен видеооператор Ұлан Нүсіпқожа жауап берді.

Бір күн бұрын прокурор Санжар Боқаевты 12 жылға, Мадияр Қалменовті жеті жылға бас бостандығынан айыруды, ал Ұлан Нүсіпқожаға екі жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұраған еді.

Сот Боқаевты 10 жылға, Қалменовті алты жыл алты айға бас бостандығынан айырды. Екеуі де жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

Ал Нүсіпқожаға қатысты сот мемлекеттік айыптаушының талабын қанағаттандырды.

Бұдан бөлек, Боқаевқа 10 жыл бойы БАҚ, әлеуметтік желі, журналистика және блог жүргізу салаларында жария қызметпен айналысуға тыйым салынды. Видеооператорға да осындай шектеу қойылды, бірақ оның мерзімі бес жыл. Сонымен қатар оған пробациялық бақылау белгіленіп, мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы тағайындалды.

Үкім жарияланған соң қоғам белсендісін қолдап келген азаматтар оның есімін ұрандап, қолдау білдірді.

Сот процесі дау-дамаймен басталды

Санжар Боқаев 2026 жылғы 18 наурыздан бері қамауда отыр. Қылмыстық істі қарау 28 қыркүйекте басталуы керек болған. Алайда айыпталушыларды Астанаға этаппен жеткізуге байланысты алғашқы отырыс 16 қазанға шегерілді. Істі судья Жанат Әбенова қарады.

Сот отырыстары ашық өтеді деп жарияланғанымен, іс жүзінде журналистер мен тыңдаушыларға залға кіруге рұқсат берілмеді. Олар сот барысын бөлек бөлмелерден бейнетрансляция арқылы бақылап отырды.

Істің басында судья сотқа қатысушыларға қылмыстық іс бойынша БАҚ-та немесе әлеуметтік желіде жария пікір білдіру мен баға беруді сотқа қысым жасау деп бағалауға болатынын ескертті. Алғашқы отырыста-ақ қорғаушылар істі прокурорға кері қайтаруды сұрады. Адвокаттардың айтуынша, олар тергеу материалдарымен толық танысып үлгермеген. Қорғау тарапы бұл мәселеге жарыссөз кезінде де қайта оралды. Адвокаттар сот процесінің өту тәртібіне де, айыптауға негіз болған дәлелдерге де күмән келтірді.

Қылмыстық іс бірнеше жылдағы оқиғаларды біріктірген. Айыптаудың бір бөлігі Боқаевтың квазимемлекеттік сектордағы жұмысына қатысты болса, қалғаны блогерлік қызметіне байланысты болды.

Автокеруеннен жиһаз өндірісіне дейін

Келтірілген шығын көлемі ең жоғары эпизод 2018 жылға қатысты. Ол кезде Боқаев «ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының кеңесшісі қызметін атқарған.

Сол жылы компания кәсіподағы халықаралық автокеруен ұйымдастыру үшін жалпы құны 86,9 млн теңге болатын екі келісімшарт жасасқан. Соның бірі, 47,9 млн теңгеге бағаланған келісімшарт, Боқаевтың жиені Мадияр Қалменов басқаратын «BM Trust» ЖШС-не берілген. Ал шараны ұйымдастырумен «We Can» ЖШС айналысқан.

Сот материалдарында көрсетілгендей, қызмет құнын негізсіз көтеру және іс жүзінде орындалмаған жұмыстар үшін ақша аудару арқылы 42,2 млн теңге жымқырылған. Сот бұл тұжырымды келісімшарттар, сметалық құжаттар, банк үзінділері, сот-экономикалық сараптамасының қорытындысы мен куәгерлердің жауабына сүйеніп жасаған.

Сот анықтағандай, ұрланған ақшаның бір бөлігі Art Romance брендімен жиһаз өндіретін кәсіпке салынған. Қаражатқа жабдық сатып алынып, өндіріс орындары жалға алынған. Жиһаз сатудан түскен табыс шамамен 9,7 млн теңге болған. Айыпталушылар бұл эпизод бойынша да кінәсін мойындамады.

Сот Боқаев пен оның жиеніне «ҚазТрансГаз» қызметкерлерінің кәсіподағына ортақ жауапкершілікпен 42 млн 177 мың 137 теңге төлеуді міндеттеді. Ал ақшаны заңдастыру айыбы бойынша екеуі де қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Бұған ескіру мерзімінің өтуі себеп болған.

Видеороликтер де қылмыстық іске арқау болды

Істің өзге эпизодтарында видеооператор Ұлан Нүсіпқожаның да аты аталды.

2025 жылғы қыркүйекте Санжар Боқаев Instagram парақшасында Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңғырту нысанынан гранит тақталардың әкетіліп жатқанын көрсететін видео жариялаған. Ол мұны өзі әшкерелеген ұрлық дерегі ретінде таныстырған. Алайда тергеу бұл әрекетті ролик авторларының өздері ұйымдастырған деген қорытындыға келген. Тергеу нұсқасы бойынша, Боқаев пен Нүсіпқожа жалдаған адамдар сыйақы үшін құны 1,3 млн теңге болатын 12 гранит тақтаны алып, құлпытас жасайтын шеберханаға жеткізген.

Сотта қоғам белсендісі мен видеооператордың 2025 жылғы 10 қыркүйектегі телефон әңгімесінің жазбасы зерттелді. Сот сараптамасы жазбадағы дауыстың Боқаевқа тиесілі екенін растаған. Оның телефонынан ұрлықты тікелей орындаған адаммен жазысқан хаттар да табылған.

Қорғаушылар айыптаудың Боқаев әрекетін түсіндіруімен келіспеді. Адвокат Дмитрий Куряченко жарыссөзде мұның бөтен мүлікті иемдену әрекеті емес, бақылау мақсатындағы сатып алу болғанын айтты. Оның сөзінше, гранит тақталарды әкету жұмысы қоғам мен құқық қорғау органдарының назарын ескі гранитті ауыстыруға жұмсалатын шығынға аудару үшін ашық түсірілген.

Алайда сот бұл уәждерді қабылдамады.

Айыптау нұсқасы бойынша, осыған ұқсас жағдай бір айдан кейін Баум тоғайында болған. 2025 жылғы қазанда онда жасы 21 бен 150 аралығындағы 16 ағаш заңсыз кесіліп, зақымданған. Келтірілген шығын 213 мың теңгеге бағаланған.

Іс материалдарында ағаштар кесілгеннен кейін Боқаев пен Нүсіпқожаның оқиға орнына барып, видео түсіргені және оны құрылыс компаниясының қызметімен, аумақты тұрғын үй салуға дайындау жұмыстарымен байланыстырғаны жазылған. Сот дәлел ретінде телефондағы хаттарды, ағаш кескен адамдардың жауабын және Нүсіпқожаның кінәсін мойындаған көрсетілімдерін атады.

Куәгерді сұратпаған соң адвокаттар сот залынан шығып кетті

Бұл жерде сөз бұған дейін ұрлық және ағаштарды заңсыз кесу ісі бойынша сотталған Әхлиддин Хамракулов туралы болып отыр. Боқаевтың қорғаушылары оны іс үшін маңызды куәгер санап, сотта жауап алу қажет екенін талап етті.

Сот процесінің алғашқы күні Хамракуловты сот ғимаратының маңында полиция қызметкерлері ұстап әкеткен. Осыдан кейін адвокаттар құқық қорғау органдарының әрекетіне құқықтық баға беруді талап етті.

23 қарашада мемлекеттік айыптаушы Жаңыл Жұмабаева соттан Хамракуловты куәгер ретінде шақырудан бас тартуды сұрады. Прокуратура сотқа бейнебақылау камераларынан алынған жазбаларды ұсынған. Онда Хамракуловтың айыпталушылардың туыстары және адвокаттармен бірге жүргені көрінеді. Айыптау тарапы мұндай байланыстар оның болашақтағы жауабының шынайылығына күмән келтіреді деп есептеген.

Адвокат Алма Мусина Хамракуловтың полиция қайта ұстап әкетеді деп қауіптенгендіктен, Боқаевтың туыстарынан жанында болуды өзі сұрағанын түсіндірді.

– Оның Боқаевты жақтап сөйлейтіні немесе қарсы жауап беретіні біз үшін маңызды емес. Бірақ ертең Хамракуловқа ештеңе болмайтынына көз жеткізуіміз керек, – деді Мусина.

Сот прокуратураның өтінішін қанағаттандырды. Сонымен қатар Хамракуловтың бұған дейін берген, айыпталушыларды әшкерелейтін жауаптары да есепке алынбайтынын мәлімдеді.

Бұған қарсылық білдірген қорғаушылар судьяға қарсылық білдіру туралы өтініш жасады. Алайда өтініш қанағаттандырылмады. Осыдан кейін адвокаттар наразылық ретінде сот залынан шығып кетті. Сот олардың бұл әрекетін сотты құрметтемеу деп бағалады. Үзілістен кейін қорғаушылар процеске қайта қатысты.

Жарыссөз кезінде адвокаттар судьяға қарсылық білдіру мәселесін қарау тәртібінің заңдылығына да күмән келтірді. Артём Аскаровтың пікірінше, судья өзіне қатысты мәлімделген қарсылықты басқа судьяға тапсырмай, өзі қарауы заң бұзушылық болған.

Жарияланған мәліметтердің шынайылығы дау тудырды

Боқаевты қылмыстық қудалауға негіз болған тағы бір жайт – оның Алматыдағы бюджет қаражатының жұмсалуы туралы жарияланымдары.

Бір видеосында блогер екі жаяу жүргінші өткелін жөндеуге шамамен 1 млрд теңге бөлінгенін айтқан. Екінші роликте «Атакент» көрме кешенінің аумағын жарықтандыруға 10 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалғанын мәлімдеген. Сот жариялаған материалдарға сәйкес, бірінші жағдайда қаржы екі емес, он өткелді жөндеуге бөлінген. Ал «Атакент» аумағында тек жарықтандыру жұмыстары ғана емес, кешенді жаңғырту жүргізілген. Оған субұрқақтар салу, суару жүйелерін орнату, көгалдандыру және басқа да жұмыстар кірген.

Сот Боқаев шындыққа жанаспайтын ақпаратты біле тұра таратқан деген қорытындыға келді. Оның телефонынан жөндеуге жататын өткелдердің нақты саны көрсетілген конкурстық құжаттар табылған. Ал қорғаушылар жарияланымдағы қателіктің өзі жалған ақпаратты әдейі таратуға жатпайтынын алға тартты. Адвокат Радмир Өтеповтің айтуынша, Боқаевтың өзін біреулер жаңылыстырған. Алайда сот адвокаттардың уәжін қабылдамады. Нәтижесінде Боқаев ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы, яғни көрінеу жалған ақпарат тарату бабы бойынша кінәлі деп танылды.

Айыпталушылардың ұстанымы екіге бөлінді

Бірнеше эпизод бойынша Боқаев пен Нүсіпқожаға қатар айып тағылғанымен, соттағы ұстанымдары бір-біріне қайшы болды.

Видеооператор өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтты. Сондай-ақ бұрынғы жұмыс берушісіне қарсы жауап берді.

Оның адвокаты Мәди Әукенов жарыссөзде соттан айыпталушылардың әрқайсысының рөлін жеке бағалауды сұрады. Қорғаушының сөзінше, Нүсіпқожа видео түсіруге және материалдарды әзірлеуге қатысқанымен, әрекеттердің мақсатын айқындамаған әрі басқа қатысушыларға басшылық етпеген. Роликтердің мазмұнын Боқаев дайындап, оларды жариялау туралы шешімді де өзі қабылдаған.

Адвокат соттан қорғауындағы азаматтың кінәсін мойындап, өкінгенін ескеруді және оны бас бостандығынан айырмауды өтінді.

Ал Боқаевтың қорғаушылары, керісінше, қоғам белсендісін қылмыс құрамы болмағаны және кінәсі дәлелденбегені үшін ақтауды талап етті. Болмаған жағдайда оны қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға кесуді сұрады.

Боқаевтың өзі айыптау актісінде өтірік пен манипуляция бар екенін мәлімдеді. Сондай-ақ жиенін ақтауды немесе бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды өтінді. Алайда сот үш айыпталушының үшеуін де кінәлі деп таныды.

Сот шешімі адвокаттар мен QazaqGaz-ға да қатысты болды

Сот отырысы үкімді жариялаумен аяқталған жоқ. Судья іс барысында анықталған жайттарға байланысты екі жеке қаулы шығарды.

Оның бірі қорғаушылардың соттағы әрекетіне қатысты. Әділет министрлігі мен Республикалық адвокаттар алқасы адвокаттардың тәртіптік жауапкершілігін қарауы керек.

Екінші қаулы ұлттық QazaqGaz компаниясына жолданды. Ол 2018 жылғы оқиғаларға байланысты шығарылған. Сот компания қызметкерлерінің кәсіподағы арқылы іс-шараларды қаржыландыруға бөлінген ақшаның аударылуы мен жұмсалуына бақылау жеткіліксіз болғанын атап өтіп, анықталған кемшіліктерді жою қажеттігін көрсеткен.

Боқаев, Қалменов және Нүсіпқожаға қатысты үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Оған апелляциялық шағым түсірілуі мүмкін.

 

Сізге қызық болуы мүмкін