Қазақстанның Ішкі істер министрлігі студенттерді жоғары оқу орындары мен жатақханалардағы зорлық-зомбылық, қорқыту, қысым көрсету және ақша бопсалау деректері туралы үнсіз қалмауға шақырды. Сондай-ақ, ведомство университет басшылығынан оқу орнының беделін сақтау үшін мұндай жағдайларды жасырмауды талап етті. Бұл үндеу әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да болған қайғылы оқиғалардан кейін жасалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Университет басшылығы студенттердің қауіпсіздігіне жауапты
Полиция әрбір жоғары оқу орны үшін студенттердің қауіпсіздігі басты орында тұруы керегін атап өтті. Бұл тек оқу ғимараттарына ғана емес, жастар бос уақытының көп бөлігін өткізетін жатақханаларға да қатысты.
«Зорлық-зомбылық деректерін жасыруға, студенттердің шағымдарын елеусіз қалдыруға немесе оқу орнының беделін жастардың қауіпсіздігінен жоғары қоюға болмайды. Әрбір шағымның артында адамның өмірі мен денсаулығына төнген нақты қауіп тұруы мүмкін», – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Карина.
Министрлік жоғары оқу орындарының басшылығы студенттердің қауіпсіздігіне жауапты екенін және олардың шағымдарына дер кезінде ден қоюы қажет екенін еске салды.
Оқу жылы басталғалы 566 құқық бұзушылық анықталған
ІІМ мәліметінше, оқу жылы басталғалы полиция студенттер арасында 566 құқықбұзушылықтың жолын кескен. Оның ішінде 23 ұсақ бұзақылық, тыйым салынған орындарда темекі шегудің 211 дерегі және көші-қон заңнамасын бұзудың 234 жағдайы тіркелген.
Студенттік жатақханаларға полиция қызметкерлері бекітілді. Жоғары оқу орындарына кіріп-шығу тәртібі күшейтіліп, ішкі қауіпсіздік қызметтерінің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылды.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары студенттермен және оқытушылармен кездесулерді қоса алғанда, 207 профилактикалық іс-шара өткізген.
ІІМ студенттерді үнсіз қалмауға шақырды
Министрлік қатарластары немесе жоғары курс студенттері тарапынан қысым көріп жүрген жастарға арнайы үндеу жасады.
«Біреу ар-намысыңызды қорлауға, сізді қорқытуға немесе заңсыз әрекетке мәжбүрлеуғе жол бермеңіз. Егер зорлық-зомбылықтың, қорқытудың немесе ақша бопсалаудың құрбаны не куәгері болсаңыз, дереу полицияға хабарласыңыз», – деді Құралай Карина.
Сондай-ақ, ведомство студент мәртебесі заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайтынын ескертті. Құқық бұзғандар заңға сәйкес жауапқа тартылады. Ал өрескел тәртіп бұзған жағдайда университет оларды оқудан шығару мәселесін қарастыра алады.
ҚазҰУ-да не болды?
ІІМ-нің үндеуі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болған бірнеше қайғылы оқиғадан кейін жарияланды.
6 қарашада журналистика факультетінің бірінші курс студенті көз жұмды. Араға он күн салып, жатақханада география факультетінің 17 жастағы бірінші курс студенті Дауыл Бәкіртай қайтыс болды. Марқұмның туыстары жоғары курс студенттері тарапынан қысым көрсетілген болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
19 қарашада полиция тағы бір студент қыздың өзіне қол жұмсауға әрекеттенгенін хабарлады.
Осы оқиғалардан кейін ҚазҰУ түлектері жатақханалардағы бейресми тәртіп туралы айта бастады. Олардың сөзінше, жоғары курс студенттерінің бірінші курс студенттеріне үстемдік көрсетуі жылдар бойы жалғасып келген.
Университеттің тұрақты әлеуметтік даму жөніндегі проректоры мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылды.
17–20 қараша аралығында ҚазҰУ жатақханаларын полиция қызметкерлері, мемлекеттік орган өкілдері мен психологтардан құралған ведомствоаралық жұмыс тобы аралады.
Бұған дейін Ulysmedia.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне ресми сауал жолдап, оқиғаларға қатысты университет ректоры Жансейіт Түймебаев пен Қайрат Мәми төрағалық ететін директорлар кеңесінің жауапкершілігі туралы сұраған болатын.