Армения мүшелік жарнасын төлемегені үшін бірқатар шектеуге қарамастан, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) құрамында қала береді. Ұйым өкілдері Ереванның ұжымдық қауіпсіздік кепілдіктерін сақтайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Арменияның құқықтары неге шектелді?
ҰҚШҰ бас хатшысы Таалатбек Масадыковтың айтуынша, Армения 2024 жылдан бері мүшелік жарнасын төлемей келеді. Ұйым ережесіне сәйкес, екі жылдан аса уақыт жарна төлемеген мемлекеттің құқықтары шектелуі мүмкін.
Жақында Мәскеуде өткен саммитте ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары Арменияны дауыс беру және өз өкілдерін басшылық қызметтерге ұсыну құқығынан айыру туралы шешім қабылдады.
«Арменияға қатысты ҰҚШҰ Жарғысының 25-бабын қолдану туралы шешім – қаржылай тәртіп талаптарына байланысты қабылданған мәжбүрлі шара», – деді Масадыков ТАСС агенттігіне.
Армения ұйым құрамынан шығарыла ма?
Енгізілген шектеулерге қарамастан, Арменияның ұйымға мүшелігін тоқтату мәселесі қарастырылып отырған жоқ.
«Арменияны ҰҚШҰ құрамынан шығару мәселесі көтерілген жоқ. Ел ұжымдық қауіпсіздік кепілдіктерін сақтайды», – деді ұйымның бас хатшысы.
Айта кетейік, Армения мен ҰҚШҰ арасындағы келіспеушілік 2021–2022 жылдары Әзербайжанмен шекарада болған қақтығыстардан кейін күшейді. Сол кезде Ереван одақтастарынан әскери қолдау күткен еді. Алайда ұйым мұндай көмек көрсетпеді. Осыдан кейін Арменияның ҰҚШҰ-мен қарым-қатынасы айтарлықтай нашарлады.
5 қарашада Армения премьер-министрі Никол Пашинян елдің мүддесі мен ұйымның ұстанымы мүлдем алшақтап кеткенін мәлімдеді.