Аутизм, екпе және мектептегі ас: Алмаз Шарман қоғамдағы жаңсақ түсініктерді тарқатты

фото: Ulysmedia.kz

Қазақстанда аутизм туралы неге жиі айтыла бастады? Бұл диагноз қойылған балалардың саны шынымен көбейіп жатыр ма? Баланың дамуына екпе, гаджет немесе қоршаған орта әсер ете ме? Аутизмі бар балалар кәмелетке толғаннан кейін де неге қолдауға мұқтаж? Ал мектептегі тамақтану жүйесін өзгертуге не кедергі? Осы және өзге де сұрақтарға Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраева медицина ғылымдарының докторы, денсаулық сақтау саласының сарапшысы, Болат Өтемұратов қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмаз Шарманмен сұхбатта жауап іздеді.

ӘРБІР 65-БАЛАНЫҢ БІРІНДЕ АУТИЗМ БАР МА?

Қазақстанда аутизмге шалдыққан балалардың саны жылдан-жылға артып келе жатқандай көрінеді. Ерекше балалар қатары шынымен көбейіп жатыр ма?

– Бір жағынан, аутизм спектрінің бұзылыстары бар адамдар саны шынымен де артып келе жатқан болуы мүмкін. Екінші жағынан, қазір диагноз қою мүмкіндігі едәуір жақсарды. Бұрын жүйке жүйесі мен дамуының өзіндік ерекшеліктері бар көптеген балаға мұндай диагноз мүлде қойылмайтын. Қазір мамандарда нақты өлшемдер бар. Сондықтан соңғы он жылда тіркелген жағдайлар саны Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде айтарлықтай өсті.

Елімізде мұндай балалар саны қанша? Шамамен болса да, дерек бар ма?

– Шамамен жеті жыл бұрын біз аутизмді зерттеумен айналысатын халықаралық сарапшы Эрик Фомбонды шақырған едік. Ол қолда бар мәліметтерді зерделеп, Қазақстанда аутизм спектрінің бұзылыстары әрбір 65 баланың бірінде кездесуі мүмкін деген болжам айтты. Бірақ бұл ресми статистика емес, сарапшының бағалауы ғана. Нақты көрсеткіш бұдан жоғары да, төмен де болуы ықтимал. Өйткені елімізде мұндай диагнозы бар адамдарды есепке алу жүйесі әлі де дұрыс жолға қойылмаған.

Тіпті АҚШ-тың өзінде көрсеткіш штаттарға қарай әртүрлі. Мәселен, Калифорнияда аутизм жағдайлары кейбір басқа аймақтарға қарағанда жиірек анықталады. Оңтүстік Кореяда да көрсеткіш жоғары. Бірақ бұл сол елдерде аутизмі бар балалар шынымен көбірек дүниеге келеді деген сөз емес. Бәлкім, ондағы диагностика жүйесі жақсырақ жұмыс істейтін шығар.

Қазақстанда өңірлер бойынша дерек бар ма? Қай облыста мұндай балалар көп, қайсысында аз? Емханалар есеп жүргізеді ғой. Неге сол мәліметтерді жинақтап, мәселенің ауқымын анықтамасқа?

– Менің білуімше, өңірлер бойынша толық әрі нақты мәлімет жоқ. Бұған диагнозға қатысты қоғамдағы теріс көзқарас та кедергі келтіреді. Кейбір отбасылар баласының диагнозын жария еткісі келмей, жасырады. Мұндай көзқарас Кеңес Одағы кезінде де болған. Сондықтан құрылып жатқан Аутизм жөніндегі жаһандық коалицияның міндеттерінің бірі – әр елдегі аутизм спектрінің бұзылыстары қаншалықты таралғанын нақты бағалауға мүмкіндік беретін жүйе әзірлеу.

Мұның мақсаты жай ғана статистика жинау емес. Нақты дерекке сүйенсек қана қанша маман даярлау керегін, қандай әлеуметтік бағдарламаларды дамыту қажет екенін және медициналық көмекке қанша қаражат бөлу керегін анықтай аламыз.

АУТИЗМНІҢ СЕБЕБІ ӘЛІ ДЕ ЗЕРТТЕЛІП ЖАТЫР

Аутизмнің неден пайда болатыны анықталды ма? Ғалымдар нақты себебін тапты ма?

– Әзірге аутизмнің бір ғана нақты себебі анықталған жоқ. Бұл – әлем ғалымдары жауап іздеп жүрген басты сұрақтардың бірі. Мен жыл сайын аутизмді зерттеуге арналған INSAR халықаралық конференциясына қатысамын. Ғалымдар ең алдымен генетикалық бейімділікті зерттеп жатыр. Қазір аутизм спектрінің бұзылыстарымен байланысы бар 230-ға жуық ген белгілі. Алайда олардың қайсысы шешуші рөл атқаратынын анықтау өте қиын. Болжам бойынша, бұл жерде көптеген геннің өзара ықпалы бар.

Сыртқы орта факторларының да әсері зерттеліп жатыр. Атап айтқанда, ата-ананың, әсіресе жүктілік кезіндегі ананың ағзасына қоршаған ортадағы зиянды заттардың ықпалы қарастырылуда. Бірақ әзірге олардың аутизмге тікелей себеп болатыны дәлелденген жоқ.

Тағы бір ескеретін жайт – аутизм біркелкі жағдай емес, оның көрінісі әр адамда әртүрлі. Біреулерге күнделікті тіршілікте үнемі көмек қажет болса, енді біреулер өз бетінше жұмыс істеп, адамдармен араласып, кәсіби жетістіктерге жете алады.

COVID-19 пандемиясынан кейін аутизмі бар адамдар саны күрт көбейді деген пікір бар. Бұған коронавирусқа қарсы екпе себеп болды деген болжамға қалай қарайсыз?

– Пандемиядан кейін аутизм жағдайлары күрт артқанын растайтын сенімді статистиканы көрген жоқпын. Анықталған жағдайлар саны COVID-19-ға дейін де, одан кейін де өсіп отырды. Коронавирусқа қарсы екпе мен аутизмді байланыстыруға ешқандай негіз жоқ.

Ал гаджеттердің әсері ше? Қазір балалар телефонға телміріп өсіп жатыр. Кейбір мамандар Wi-Fi мен электронды құрылғылардың әсері баланың дамуын бұзуы мүмкін дейді.

– Гаджет қолдану аутизмге әкеледі деген ғылыми дәлел көрген жоқпын. Бірақ бұл жерде басқа бір күрделі мәселе бар. Мен тіпті осы тақырыпта «Цифрлық жалғыздық» деген мақала да жаздым. Балаға тірі қарым-қатынас қажет. Оны тамақтандырып, жыламасын деп қолына телефон ұстата салу жеткіліксіз. Онымен сөйлесу, бірге ойнау, ата-анасымен эмоциялық байланыс орнату маңызды. Қазір гаджеттен мүлде бас тарту қиын. Дегенмен олар баламен арадағы қарым-қатынастың орнын алмастырмауы керек.

Сөйлеу дамуының кешеуілдеуі мен аутизм бір нәрсе ме? Көп балаға әуелі сөйлеу дамуының тежелуі деген диагноз қойылып, кейін аутизм екені анықталып жатады.

– Жоқ, бұл – екі бөлек жағдай. Дегенмен кейде бір-бірімен қатар кездесуі мүмкін. Сөйлеудің кешеуілдеуі аутизм белгілерінің бірі болуы ықтимал, бірақ бұл үнемі солай бола бермейді. Баланың сөйлеуінде аутизм спектрінің бұзылыстарына қатысы жоқ қиындықтар да кездеседі. Мұндай жағдайда логопед пен басқа мамандардың көмегі жеткілікті болуы мүмкін. Ал сөйлеу кешеуілдеуі аутизм белгілерімен қатар байқалса, кешенді әрі өзгеше тәсіл қажет.

Сондықтан аутизмді ерте анықтаудың маңызы зор. Қазір емханаларда арнайы диагностикалық құралдар, соның ішінде  M-CHAT сауалнамасы қолданылады. Ол қауіп белгілерін байқауға және баланы қосымша тексеруге жіберуге көмектеседі.

ЕКПЕ АУТИЗМ ТУДЫРА МА?

Қазір екпе салдырудан бас тартатын ата-ана көп. Маған да «Балаңа екпе салдырма, әйтпесе аутизмге шалдығады» деп айтқандар болды. Мұндай жағдайда не істеу керек?

 – Ең алдымен, баланы вакцинациялауға кеңес беремін. Педиатрға барып, өткізіп алған екпелердің орнын толтыру үшін жеке егу күнтізбесін жасаған жөн. Вакцина қауіпті жұқпалы аурулардан қорғайды. Мысалы, қызылша ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Дәрігерлік тәжірибемде мұндай жағдайларды өзім де көрдім.

Ал аутизмге келсек, мұны нық сеніммен айта аламын: ғылыми зерттеулер вакцинация мен аутизм арасында байланыс бар екенін растамайды.

Бұл жаңсақ түсінік қайдан шыққан? Неге оған сонша адам кәміл сенеді?

– 1998 жылы британдық дәрігер Эндрю Уэйкфилд The Lancet журналында небәрі 12 балаға жүргізілген зерттеуін жариялап, қызылша, паротит және қызамыққа қарсы вакцина мен аутизм арасында байланыс болуы мүмкін деген болжам айтты. 2010 жылы журнал бұл мақаланы жарияланымдар қатарынан алып тастады. Өйткені зерттеу қорытындылары сенімді дәлелдермен расталмаған, ал Ұлыбританияның медициналық реттеуші органы автордың жұмысында елеулі заңбұзушылықтар болғанын анықтаған. Кейін жүргізілген ауқымды зерттеулер де вакцинация мен аутизм арасында байланыс жоқ екенін көрсетті.

Тағы бір себебі бар. Аутизмнің алғашқы белгілері көбіне балаға жоспарлы екпе салынатын жас шамасында байқала бастайды. Ата-ана екі жағдайдың уақыт жағынан тұспа-тұс келгенін көріп, бірін екіншісінің себебі деп ойлауы мүмкін. Бірақ екі оқиғаның бір мезгілде болуы олардың арасында себеп-салдарлық байланыс бар дегенді білдірмейді.

Дәрігерлер мен Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарды неге сендіре алмай отыр? Адамдар педиатрдан гөрі неге TikTok-тағы ақпаратқа көбірек сенеді?

– Денсаулық сақтау министрлігі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді, дәрігерлер де вакцинацияның қажеттігін үнемі айтып жүр. Алайда жалған ақпараттың толассыз ағынында олардың сөзі көп жағдайда жұртқа жете бермейді. Оның үстіне, аутизмі бар баланың ата-анасы мұның неліктен болғанын түсінгісі келеді. Себебін іздеуі – түсінікті жағдай. Бірақ мұндайда қауесетке емес, ғылыми деректерге сүйену маңызды.

Аутизм қазіргі вакциналар пайда болмай тұрып-ақ болған. Ол туралы білім аз, ал қоғамдағы теріс көзқарас күшті болғандықтан, даму ерекшеліктері бар балаларға көбіне диагноз қойылмайтын. Отбасылар баласының ерекшелігін жасырып, кейбір балалар психиатриялық мекемелерге жіберілетін. Бұл аутизмнің өзінен емес, сол кездегі қоғамның көзқарасы мен көмек көрсету жүйесінің кемшіліктерінен туындаған жағдай еді. Қазір диагностика да, қолдау көрсету жүйесі де дамып келеді. Дегенмен теріс түсінік пен көмек тапшылығы әлі де бар.

ОРТАЛЫҚ АШУ ЖЕТКІЛІКСІЗ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев даму ерекшеліктері бар балаларға арналған арнайы орталықтар мен сыныптар ашу қажеттігін айтқан еді. Бірақ ғимарат салу бір басқа, онда жұмыс істейтін маман табу бір басқа. Қазақстан бұл іске қаншалықты дайын?

– Өте орынды мәселе көтеріп отырсыз. Мәселені тек ғимарат салумен шешу мүмкін емес. Ең алдымен, аутизмді ерте анықтайтын, мінез-құлық терапиясын жүргізетін, жүйке жүйесінің дамуын зерттейтін, күнделікті тұрмыс дағдыларын қалыптастыруға көмектесетін мамандар қажет. Мұндай балалардың ерекшелігін түсінетін дәрігерлер, педагогтер мен психологтер даярлауымыз керек.

Аутизмді тек психиатриялық мәселе ретінде қарастыру да дұрыс емес. Аутизмі бар адамдарда қатар жүретін басқа да аурулар, ұйқының бұзылуы, эпилепсиялық ұстамалар, зат алмасу мәселелері кездесуі мүмкін. Сондықтан оларға жан-жақты көмек көрсетілуі керек.

Тағы бір маңызды жайт: аутизм адам 18 жасқа толғанда аяқталмайды. Бала өсіп, ересек өмірге қадам басады. Сол кезде де оған медициналық көмек, кәсіби даярлық және жұмыс істеу мүмкіндігі қажет.

Демек, балаларға арналған орталықтармен шектелмей, олардың есейгеннен кейінгі өмірін де ойлауымыз керек қой?

– Дәл солай. Швецияда жүргізілген зерттеулердің бірі аутизмнің белгілі бір тобына жататын адамдардың өмір сүру ұзақтығы жалпы халықпен салыстырғанда едәуір қысқа болуы мүмкін екенін көрсетті. Мұның бір себебі – қатар жүретін аурулар мен медициналық көмекке қол жеткізудегі қиындықтар.

Мысалы, адамға қарым-қатынас жасау қиын болуы мүмкін. Дәрігерге қай жері ауыратынын түсіндіріп айта алмауы немесе мүлде медициналық көмекке жүгінбеуі ықтимал. Ал оның да басқа адамдар сияқты қан қысымы көтерілуі, диабетке шалдығуы, семіздікке ұшырауы мүмкін. Сондықтан адамға өмір бойы қолдау көрсететін жүйе қалыптастыру қажет.

Мұндай адамдардың жұмысқа орналасуына мүмкіндік бар ма? Бізде жұмыс берушілер даму ерекшеліктері бар адамдарды қызметке алуға көбіне жүрексінеді.

– Әрине, мүмкіндік бар. Ең бастысы, оны кеңейту керек. Мен аутизмі бар америкалық педагог әрі сарапшы, Адельфи университетінің профессоры Стивен Шормен жеке таныспын. Бала кезінде мамандар оның болашағына қатысты өте күмәнді болжамдар айтқан. Алайда отбасы мен мамандардың қолдауының арқасында ол білім алып, танымал ғалым әрі аутизм жөніндегі сарапшыға айналды.

Әрине, аутизмі бар адамдардың бәрі профессор болмайды. Бірақ олардың көпшілігінің дамытуға болатын қабілеттері бар. Біреулер қайталанатын жұмыстарды жақсы атқарса, енді біреулер бағдарламалау, анимация және басқа да шығармашылық немесе техникалық салаларда қабілетін таныта алады.

АҚШ-та жүйке жүйесі мен дамуының өзіндік ерекшеліктері бар адамдардың супермаркеттерде, түрлі компаниялар мен ұйымдарда жұмыс істеп жүргенін көруге болады. Олар үшін еңбек етуге қолайлы жағдай жасалады.

Болат Өтемұратов қоры да мұндай адамдарды жұмыспен қамту мәселесімен айналысады. Қазір аутизмі бар бірнеше жас телекоммуникация компаниясында тағылымдамадан өтіп жүр. 2026 жылы қор Швецияның RAOUL қорымен бірлесіп, аутизмі бар жастарды жұмысқа орналастыру кезінде сүйемелдеу жобасын қолға алды. Қазір пилоттық жоба Алматыда жүзеге асырылып жатыр. 2027 жылы оны Астанаға да таратуды жоспарлап отырмыз. Бұл тәжірибені кеңейтіп, жұмыс берушілерге қолайлы еңбек жағдайын жасауға көмектескіміз келеді.

ЖЕТКІНШЕК КЕЗЕҢІНДЕГІ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕРІ

Енді біршама күрделі сұрақ қойғым келеді. Кейде даму ерекшеліктері бар жасөспірімдердің агрессивті мінез-құлқы туралы хабарлар шығып жатады. Мұндай жағдай қаншалықты жиі кездеседі? Баласы есейген сайын онымен тіл табысу қиындаса, ата-ана не істеуі керек?

– Ең алдымен, адамды аутизм диагнозына қарап қауіпті деп санауға болмайды. Жеткіншектік кезең – кез келген бала үшін үлкен өзгерістер уақыты. Аутизмі бар кейбір жасөспірімдерде де осы кезде мінез-құлыққа қатысты қиындықтар күшеюі, соның ішінде агрессия байқалуы мүмкін. Мұндай әрекеттер гормондық өзгерістерге және ойын жеткізіп, қарым-қатынас орнатудағы қиындықтарға байланысты болуы ықтимал. Бірақ бұл барлық балаға тән емес. Аутизмнің көрінісі әртүрлі болғандықтан, әр адамға жеке тәсіл қажет.

Мысалы, Атлантадағы Marcus Autism Centre орталығында ауыр агрессиялық мінез-құлық байқалатын жасөспірімдердің ата-аналары мен қамқоршыларына арнайы оқыту жүргізіледі. Мамандар мұндай жағдайлардың алдын алуды, қауіпсіздікті қамтамасыз етуді және жасөспірімге дұрыс көмектесуді үйретеді.

Ал біздің қоғам мұндай балалар мен ересектерді қабылдауға дайын ба? Ата-аналар түсінбеушілікке, мектептегі буллингке тап болады. Кейде бұл мәселемен жалғыз қалатын кездері де бар.

– Мұндай отбасыларға шынымен де оңай емес. Бұл Қазақстанға ғана тән мәселе емес, АҚШ пен Еуропа елдерінде де кездеседі. Өйткені әр отбасының баласына қажетті қолдауды толық қамтамасыз етуге мүмкіндігі жете бермейді.

Сонымен бірге қоғамның көзқарасы біртіндеп өзгеріп келе жатқанын байқап жүрмін. Аутизм туралы білетін адамдар көбейді, қайырымдылық ұйымдары мен арнайы орталықтар ашылды, инклюзивті білім беру дамып келеді. Нейроалуандықты қолдайтын халықаралық қозғалыс та бар. Оның өкілдері аутизмі бар адамдарға тек шектеулері тұрғысынан қарамауға шақырады. Адамдардың ойлау, қарым-қатынас жасау және қоршаған ортаны қабылдау ерекшеліктері әртүрлі болуы мүмкін. Мұндай айырмашылықтарды құрметтеу керек. Ата-анамен сөйлескенде әдеп сақтап, баласына орынсыз таңба тақпау, аутизмі бар балалардың бәрін бірдей қабылдамау өте маңызды.

ҚАЗАҚСТАН АУТИЗМ БОЙЫНША ӨҢІРЛІК ОРТАЛЫҚ БОЛМАҚ

Болат Өтемұратов қоры бұл мәселемен көп жылдан бері айналысып келеді. Осы уақыт ішінде қандай нәтижеге қол жеткіздіңіздер? Алдағы жоспар қандай?

– Болат Өтемұратов қоры 2015 жылдан бері «Аутизм. Әлем бәрімізге ортақ» бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Қазір Қазақстанда қордың 13 «Асыл Мирас» аутизм орталығы жұмыс істейді. Бұл бағытта шамамен 12 жылдан бері еңбек етіп келеміз. Халықаралық сарапшыларды шақырамыз, заманауи әдістерді енгіземіз, жинақтаған тәжірибемізді басқа ұйымдармен бөлісеміз.

Өткен жылы Катар қоры мен Autism Speaks ұйымының бастамасымен Аутизм жөніндегі жаһандық коалиция құрылды. Болат Өтемұратов қоры оның негізін қалаушылардың бірі болды.

Біздің мақсатымыз – мамандардың, зерттеушілер мен қайырымдылық ұйымдарының күшін біріктіру. Негізгі бағыттардың бірі – Орталық Азияның бес және Оңтүстік Кавказдың үш еліне, яғни Әзербайжан, Грузия мен Арменияға арналған өңірлік орталық құру. Бұл елдердің денсаулық сақтау жүйесі бір-біріне ұқсас, ортақ мәселелері де бар. Сондықтан тәжірибе алмасып, бір-бірімізден үйренеріміз көп.

Аутизмі бар балаларға көмектесетін қандай жаңа технологиялар бар?

– Қазір жасанды интеллект пен виртуалды шындық технологияларына үлкен үміт артылып отыр. Мысалы, бала арнайы көзілдірік киіп, қауіпсіз виртуалды ортада көшеден өтуді, бейтаныс адамдармен сөйлесуді, күнделікті тұрмыста қажет әрекеттерді орындауды үйрене алады.

Жасанды интеллект мамандарды даярлауға, мінез-құлық терапиясы туралы білімді таратуға және әр балаға арналған жеке қолдау бағдарламаларын әзірлеуге де көмектеседі. Мұндай технологиялар қазірдің өзінде бірнеше елде сынақтан өтіп жатыр. Қазақстан да пилоттық жобаларға қатысуды жоспарлап отыр.

ГЛЮТЕНСІЗ ТАҒАМ: ҚАЖЕТТІЛІК ПЕ, ӘЛДЕ ТРЕНД ПЕ?

Енді тамақтану мәселесіне тоқталсақ. Қазір көптеген ата-ана глютенсіз өнімдер сатып алып, сүттен бас тартып, үйреншікті тағамдарды баласының ас мәзірінен алып тастап жатыр. Мұның шынымен қажеті бар ма?

– Белгілі бір өнімді сәнге айналды деп қана ас мәзірінен алып тастауға болмайды. Мәселен, целиакия деген ауру бар. Мұндай дертке шалдыққан адам глютенді көтере алмайды, сондықтан арнайы диета ұстануы қажет. Ал медициналық көрсетілім болмаса, құрамында глютені бар өнімдерден бас тартудың қажеті жоқ. Оның үстіне, глютенсіз тағамдар көбіне әлдеқайда қымбат тұрады. Кейбірінің құрамында жасұнық пен басқа да пайдалы заттар аз болады.

Лактозаға қатысты да осыны айтуға болады. Егер адамның лактозаны көтере алмайтыны анықталмаса, сүт өнімдерін өздігінен шектеудің қажеті жоқ.

Балаларды дұрыс тамақтандырудың жолы қандай? Қазір олар бургер, пицца, фри жейді. Фастфуд балалардың негізгі асына айналып бара жатқандай.

– Мен қатаң тыйым салуды қолдамаймын. Жақында жұбайым екеуміз Алматыда болып, бургер сататын орынға кірдік. Сол кезде бір оқырманым келіп: «Сіздер де бургер жейсіздер ме?» деп таңғалды. «Әрине, арасында рақаттанып жеп тұруға болады» деп жауап бердім.

Ең бастысы – баланың жалпы тамақтану дағдысы. Оның ас мәзірінде көкөніс, жеміс-жидек, тұтас дәнді дақылдар, сүт және қышқыл сүт өнімдері, ақуызға бай тағамдар болуы керек. Тамақтану рационы әртүрлі болғаны жөн.

Балаларымыз кішкентай кезінде жұбайым екеуміз оларды кейде McDonald's-қа апаратынбыз. Егер бала қалған уақытта құнарлы, теңгерімді тамақтанып, жеткілікті қимылдаса, мұның еш әбестігі жоқ.

Ал аутизмі бар балаларға арнайы тамақтану тәртібі қажет пе?

– Олардың көбінде тағам таңдауға қатысты айқын ерекшеліктер болады. Мен картоп чипсінің тек ұшын жеп, қалғанын қалдыратын балаларды көрдім. Кейбірі жұмсақ тағамды жемейді, тек белгілі бір түстегі немесе белгілі бір құрылымдағы өнімдерді ғана таңдайды. Соның салдарынан баланың ас мәзірі тым шектеліп, ағзасында дәрумендер, минералдар мен жасұнық жетіспеуі мүмкін. Уақыт өте келе бұл денсаулыққа елеулі зиян келтіреді.

Қазақ тағамтану академиясы ата-аналарға баласының қандай тағамды ұнататынын талдауға және ас мәзірін біртіндеп кеңейтуге көмектесетін NutriStep-AI цифрлық құралын әзірлеп жатыр. Мысалы, бала тек қытырлақ тағамдарды жақсы көрсе, оған чипсінің орнына сәл сәбіз ұсынып көруге болады. Ең бастысы, баланы үйреншікті тағамынан бірден бас тартуға мәжбүрлемей, біртіндеп қолайлы балама табу керек.

Бізде балалардың тамақтану ерекшеліктерімен арнайы айналысатын мамандар бар ма?

– Ондай мамандар өте тапшы. Бұл – дамыту қажет жеке бағыттардың бірі. Мұнда тағамның құрамын ғана емес, баланың неліктен белгілі бір өнімді жемейтінін де түсіну маңызды.

МЕКТЕП АСХАНАЛАРЫ НЕГЕ ЕСКІ МӘЗІРДІ ӨЗГЕРТКІСІ КЕЛМЕЙДІ?

Балалардың тамақтануына қатысты мәселе аутизмі бар балалармен ғана шектелмейді. Кәдімгі мектептер мен балабақшалардағы ас мәзіріне қараңызшы: тоқаш, қуырылған котлет, компот. Менің бала кезімдегі тамақтан еш айырмашылығы жоқ. Көкөніс пен жеміс-жидек жоқтың қасы. Оның үстіне, жаппай улану жағдайлары жиіледі. Жақында РФММ оқушылары уланып қалды, бұған дейін Маңғыстауда да осындай жағдай болған. XXI ғасырда балаларды дұрыс тамақтандыруды неге әлі күнге дейін жолға қоя алмай отырмыз?

– Мұнда екі мәселе бар: тағамның құнарлылығы мен қауіпсіздігі. Екеуі өзара байланысты болғанымен, шешу жолдары бөлек.

Қазақстанда мектептегі тамақтанудың жаңа стандарттары әзірленді. Оның негізіне теңгерімді тамақтану қағидаты алынған. Мұны көбіне «Гарвард тәрелкесі» деп атайды. Яғни баланың ас мәзірінде ақуызға бай тағамдар, көкөністер, жемістер, тұтас дәнді және сүт өнімдері болуы керек.

Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктері сарапшылардың, соның ішінде Қазақ тағамтану академиясы мамандарының қатысуымен әзірлеген жаңа стандартта қант пен тұз мөлшеріне шектеу қойылған. Мысалы, кейбір өнімдердің құрамындағы қант мөлшері белгіленген межеден аспауы керек. Алайда стандарт әзірлеу жеткіліксіз. Ең маңыздысы – мектептердің оны іс жүзінде орындауы.

Мектеп асханасында балаларға үнемі алма, сәбіз немесе табиғи йогурт беріліп жатқанын көрген емеспін. Мұны ұйымдастыру соншалықты қиын ба?

– Жоқ, мұны жүзеге асыруға әбден болады. Біз бірнеше пилоттық жоба өткізіп, бюджет шектеулі болса да, балалардың ас мәзірін түрлендіруге болатынына көз жеткіздік. Балалар міндетті түрде ескі тәртіппен, яғни тәрелке алу үшін кезекке тұрып, он минуттың ішінде тамағын асығыс ішіп шығуы керек деген талап жоқ.

Біз оның орнына ланч-пакеттер ұсындық. Мұндай жиынтыққа алма, сәбіз, ақуызға бай салмасы бар сэндвич салуға болады. Сонда бала тамақты асықпай, өзіне ыңғайлы уақытта жей алады. Бұған қоса, «желінбей қалған тамақ үлесі» деген көрсеткіш енгіздік. Кейбір бағалаулар бойынша, мектептерде дайындалған тағамның 30 пайызына дейін қоқысқа тасталады. Бұл – орасан шығын. Балалардың тамақты неге жемейтінін анықтау қажет: мәзір ұнамай ма, әлде тамақтануға уақыт жетпей ме?

Бірақ ата-аналар мектепте міндетті түрде ыстық тамақ, соның ішінде сорпа берілуі керек деп үйреніп қалған.

– Неге міндетті түрде сорпа болуы керек? Мектептегі тамақтанудың мақсаты – баланың тәуліктік энергия мен қоректік заттарға деген қажеттілігінің белгілі бір бөлігін өтеу. Қалғанын ол үйде алады. Егер ата-ана баласының сорпа ішкенін қаласа, оны кешке үйде дайындап бере алады. Баланың тамақтануына қатысты барлық жауапкершілікті мектепке артуға болмайды. Ең бастысы, бала аш қалмай, пайдалы тағам жеуі керек.

ТЕГІН, БІРАҚ ЗИЯНДЫ ТАМАҚ

Мемлекет бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыруға қыруар қаржы бөліп отыр. Сонда да сапалы ас беруді неге жолға қоя алмай келеміз? Мәселе тендерлер мен жеткізушілерге байланысты ма?

– Тегін тамақтандыру – халықты қолдаудың маңызды шарасы. Бірақ мемлекет балаларға тегін зиянды тағам берсе, мұның пайдасынан зияны көп болуы мүмкін. Сондықтан біз ең алдымен тамақтану стандарттарын өзгертуді қолға алдық.

Өндірушілер мектеп асханаларына арналған йогурт ұсынғанда, мен бірінші кезекте оның құрамындағы қант мөлшерін сұраймын. Егер ол стандартта белгіленген межеден асып кетсе, мұндай өнімді ұсына алмаймыз. Осыдан кейін кейбір компаниялар өнімнің құрамын қайта қарап, қант мөлшерін азайтуға кіріседі. Демек, мектептегі тамақтану стандарттары бүкіл тамақ өнеркәсібіне де ықпал ете алады.

Елімізде сүт өнімдерін өндіретін, алма мен көкөніс өсіретін жергілікті фермерлер бар. Неге өнімді солардан сатып алмасқа?

– Негізгі мақсатымыз да – осы. Жаңа тәсілдерді әзірлемес бұрын Финляндия мен Швецияның тәжірибесін зерттедік. Финляндияда балаларды мектепте тегін тамақтандыру жүйесі шамамен 80 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде оның айналасында сүт фермаларын қоса алғанда, тұтас жеткізушілер жүйесі қалыптасқан.

Мектептегі тамақтану балалардың денсаулығын жақсартып қана қоймай, жергілікті ауыл шаруашылығын дамытуға да ықпал ете алады.

Ал тағам қауіпсіздігі мәселесін қалай шешеміз? РФММ-дегі жағдай балалардың қауіпсіз тамақтануына тіпті беделді мектептің өзі кепіл бола алмайтынын көрсетті ғой.

– Барлық мектеп санитарлық талаптарды қатаң сақтауы керек. Бұл үшін тағам қауіпсіздігіне төнетін қатерлерді анықтап, бақылауға негізделген HACCP жүйесі қолданылады. Қазақ тағамтану академиясының мамандары осы жүйенің қағидаларын үйретіп, талаптардың орындалуын алдын ала бағалауға көмектеседі.

РФММ-де болған жағдай алаңдаушылық туғызады. Мұндай оқиғалар бақылау жүйесін жетілдіру қажеттігін көрсетеді. Сонымен қатар мектеп асханаларындағы еңбек жағдайын да ескеру керек. Бұл – ауыр жұмыс. Көбіне асхана қызметкерлері тар жерде, қаржы тапшылығы жағдайында еңбек етеді. Сондықтан тек мәзірді емес, тамақ дайындау мен таратуды ұйымдастыру тәртібін де өзгерту маңызды.

Сонда мектептегі тамақтану жүйесін өзгертуге болады ғой?

– Әрине. Мен қазірдің өзінде оң өзгерістерді байқап жүрмін. Денсаулық сақтау министрлігі жаңа стандарттарды белсенді қолдайды. Кейбір мектептер жаңа талаптар бойынша жұмыс істей бастады. Дегенмен көп нәрсе ата-аналарға да байланысты. Олар мектептен жай ғана ыстық сорпа талап етпей, баласының жеткілікті мөлшерде ақуыз, жасұнық, дәрумендер мен минералдар алып жүргеніне де назар аударуы керек.

Әрине, дене белсенділігін де ұмытпау қажет. Егер бала күні бойы телефонға телміріп отырса, ең дұрыс тамақтанудың өзі барлық мәселені шеше алмайды.

ПЛАСТИК, ҰН ЖӘНЕ ӨЗГЕРТУІ ТИІС ӘДЕТТЕР

Ата-аналарды алаңдататын тағы бір мәселе – азық-түлік сапасы мен қоршаған орта. Кейбір дәрігерлер жоғары сұрыпты ұннан, пластик ыдыс пен қаптамадан бас тартуға кеңес береді. Мұның қаншалықты ғылыми негізі бар?

– Жоғары сұрыпты ұнда генетикалық мутацияға әкелетін ерекше заттар бар деген пікірді растай алмаймын. Бірақ тазартылған ұнның бір кемшілігі бар: оның құрамында жасұнық әлдеқайда аз. Сондықтан тұтас дәннен тартылған ұн өнімдерін жиірек таңдаған дұрыс.

Ал пластикке қатысты мәселе күрделірек. Қазір оның адам ағзасына әсерін зерттейтін ғылыми жұмыстар көп. Ғалымдар пластиктің ағзада жиналуының, соның ішінде балалар денсаулығына ықтимал әсерін зерделеп жатыр.

Меніңше, бір рет қолданылатын пластикті мүмкіндігінше азайтып, көп рет пайдаланылатын сөмкелерді, шыны ыдыстарды және тағам сақтаудың қауіпсіздеу тәсілдерін таңдаған жөн. Бірақ тамақтану мәселесіндегідей, бұл жерде де дүрбелеңге бой алдырмай, ғылыми деректерге сүйену керек.

Бүгін біз аутизм, вакцинация, мектептегі тамақтану, гаджеттер туралы сөйлестік. Осы мәселелердің барлығында ата-анаға, дәрігерге, мектепке, жұмыс берушіге және тұтас қоғамға үлкен жауапкершілік жүктелетіні байқалады. Сіздіңше, ең бастысы не?

– Ең алдымен, халықтың сауатын арттыру қажет деп ойлаймын. Жалған ақпаратқа сеніп, екпеден қорқудың қажеті жоқ. Медициналық көрсетілім болмаса, арнайы диеталарға артық ақша жұмсамаған жөн. Аутизмі бар балалардың қажеттілігін түсініп, олардың отбасына қолдау көрсету маңызды. Оларға теріс көзқараспен қарауға болмайды.

Балалардың бойына жастайынан салауатты әдеттерді сіңіру де қажет. Бала дұрыс тамақтануға, қимыл-қозғалысқа, айналасындағы адамдармен қарым-қатынас жасауға кішкентайынан дағдыланса, бұл бүкіл отбасына әсер етеді.

Мұнда ата-ананың рөлі ерекше. Өз әкемді жиі еске аламын. Оның жұмысы өте көп болатын, талай жыл Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарды. Соған қарамастан менімен бірге тауға шығуға, таңертең жүгіруге үнемі уақыт табатын. Мемлекет, дәрігерлер мен мектептер елдегі отбасыларға көмектесуі керек. Бірақ ата-ананың балаға бөлетін уақыты мен ықыласын ешкім алмастыра алмайды.

Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia YouTube-арнасынан көріңіз.

 

Сізге қызық болуы мүмкін