Әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Алматыда өткен баспасөз мәслихатында неге шетелде жаттыққанды жөн көретінін, қай жерде өзін үйіндегідей сезінетінін және спорттан бөлек немен айналысуды жоспарлап жүргенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Спортшының айтуынша, ол уақытының басым бөлігін Дубайда өткізеді, ал жазда Братиславада жаттығады. Теннисші Словакияда спорт академиясында емес, өз командасымен бірге жеке корттарда жаттығатынын жеткізді.
«Дубай – менің үйім. Өйткені уақытымның көп бөлігін сол жерде өткіземін. Ол жақта достарым да көп», – деді Рыбакина.
Сонымен қатар, теннисші Алматыда да өзін жайлы сезінетінін атап өтті. Мұнда достары көп, қаланың климаты, ет пен жергілікті тәттілер өзіне ұнайды. Спортшы Қазақстанды көбірек аралап, тауға шыққысы келетінін де айтты.
Рыбакина жеке агенттік құрғанын мәлімдеді
Елена Рыбакина баспасөз мәслихатында алғаш рет жеке агенттік құрғанын айтты. Теннис кортынан тыс қандай арманы бар деген сұраққа жауап берген спортшы жас теннисшілерге қолдау көрсетуді көптен бері ойлап жүргенін жеткізді.
«Біз агенттік құрдық. Әзірге бәрі бастапқы кезеңде, бірақ алдағы уақытта дамиды деп үміттенемін. Агенттігіміздің командасы әлі шағын болғанымен, түрлі жоспарымыз бен идеяларымыз бар. Бәрінің өз уақыты келеді», – деді теннисші.
Рыбакина агенттіктің атауы мен жұмысына қатысты егжей-тегжейлі ақпарат берген жоқ. Алдағы жылдары ол бар назарын спорттық мансабына және 2028 жылғы Олимпиада ойындарына дайындыққа аудармақ.
Қазақстанға сапарынан кейін спортшы Дубайға аттанып, жаңа маусымға дайындықты бастайды. Үш-төрт аптадан соң Оңтүстік Кореядағы көрме турниріне қатысып, одан әрі Аустралияға баруды жоспарлап отыр.
Рыбакина 2027 жылғы басты мақсаттарының бірі ретінде «Ролан Гаррос» турнирінде жеңіске жетуді атады.