Астанада адвокат қорғауындағы әйелді тергеу изоляторынан шығарып, үйқамаққа ауыстыруға көмектесемін деп 7 миллион теңге талап еткен. Ол мемлекеттік органдарда таныстары бар екенін айтқан. Алайда ақшаны алған сәтте ұсталып, сот үкімімен бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Прокуратура мәліметінше, тергеуде жүрген әйел қамауға алынған. Адвокат оған бұлтартпау шарасын жеңілдетіп, тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстыруға көмектесетінін айтқан.
Мемлекеттік органдарда таныстары барын алға тартқан адвокат бұл «көмегі» үшін 7 миллион теңге сұраған.
Алайда әйел мәселені заңсыз жолмен шешуге келіспей, құқық қорғау органдарына жүгінген.
Әйелдің арызынан кейін құқық қорғау органдары жедел іс-шаралар жүргізген. Нәтижесінде адвокат 7 миллион теңгені алған сәтте қолға түсті.
Прокуратураның хабарлауынша, адвокат бұлтартпау шарасын өзгерту туралы шешімге ықпал ете алатынын айтып, әйелдің ақшасын иемденбек болған.
Сот адвокатты екі жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ, оған алты жыл бойы адвокаттық қызметпен айналысуға тыйым салынды.