Алматы маңындағы тау курортында жеңілдікпен ұсынылған таңғы ас ұзын-сонар кезекке ұласты

Видео кадры

Алматы маңындағы Oi-Qaragai тау курортында жеңілдікпен таңғы ас ішуге келгендердің қарасы қалың болып, ұзын-сонар кезек пайда болды. Тыныш жерде демалып, таңғы ас ішуді жоспарлаған келушілер ұйымдастыру жұмыстарына көңілі толмағанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Демалушылар неге наразы?

Оқиға туралы алматылық Дарья Синева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, курорт арнайы науқан аясында қонақтарға 9600 теңгеге аспалы жолмен тауға көтеріліп, мейрамханада швед үстелі үлгісінде таңғы ас ішуді ұсынған.

Отбасымен демалуға келген әйел мейрамханада адам тым көп екенін көрген.

«Барған кезде тамақ алу үшін бір сағат кезекте тұруымыз керек екенін түсіндік. Ақыры кері қайтып, билеттерімізді өткіздік», – деді ол.

Алматылық тұрғын отбасының билетке 30 мың теңгеге жуық қаражат жұмсағанын айтты. Ол мейрамхананың сыйымдылығы шектеулі болғанына қарамастан, ұйымдастырушылардың билет сатуды тоқтатпағанына наразы болды.

«Қонақтарға қолайлы жағдай жасау үшін билет санын неге алдын ала шектемегенін түсінбеймін», – деп жазды Синева.

Оның айтуынша, тауда таңғы ас ішу идеясы ұнағанымен, ұйымдастыру жұмыстары көңілінен шықпаған.

«Бұл тегін шара емес. Отбасымызбен 30 мың теңге төледік. Меніңше, мұндай қаражатқа лайықты қызмет көрсетуге болады», – деді демалушы.

Курорт әкімшілігі не дейді?

Oi-Qaragai әкімшілігі келушілердің шағымына жауап беріп, мұншалық көп адам келеді деп күтпегенін мойындады. Науқанның алғашқы сенбісінде курортқа 500-ден аса адам келген. Олардың көбі бір мезгілде жиналған.

«Таудағы таңғы ас» науқанының алғашқы сенбісі жаңа сауда орталығының ашылуына ұқсап кетті», – деп жазды курорт өкілдері.

Әкімшілік арнайы ұсыныстың 20 күнге созылатынын, алайда келушілердің басым бөлігі демалыс күнін таңдағанын түсіндірді.

«Бастапқыда келушілер санын шектемегеніміз – өз қателігіміз. Мұншалық көп адам келеді деп күтпедік. Енді мұны ескердік», – деді курорт өкілдері.

Осы жағдайдан кейін курорт әкімшілігі науқан аясында бір сағатта қабылданатын қонақтар санын 100 адаммен шектеді. Сондай-ақ, билет сататын үш орын ашып, арнайы ұсыныстың мерзімін ұзартты.

Сізге қызық болуы мүмкін