12,31%: ОСК мәслихат депутаттарын сайлаудағы дауыс беру белсенділігі туралы алғашқы деректерді жариялады

Ulysmedia.kz

Қазақстанда мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау өтіп жатыр. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сағат 10:00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың 12,31%-ы дауыс берген. Сайлаушылардың ең жоғары белсенділігі Ақтөбе облысында, ал ең төмен көрсеткіш Алматы қаласында тіркелді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қай өңірде дауыс берушілер белсенді?

ОСК-ның алдын ала мәліметінше, Ақтөбе облысы көш бастап тұр. Өңірде таңғы сағат 10:00-ге дейін сайлаушылардың 16,49%-ы дауыс берген. Одан кейінгі орында 16,33%-дық көрсеткішпен Қызылорда облысы және 15,32%-дық көрсеткішпен Түркістан облысы тұр.

Шығыс Қазақстан облысында сайлаушылардың 14,37%-ы, Жетісу облысында 14,24%-ы, Қарағанды облысында 14,01%-ы дауыс берген.

Сайлаушылардың ең төмен белсенділігі Алматыда тіркелді. Сағат 10:00-ге дейін қалада сайлаушылар тізіміне енгізілген азаматтардың 6,41%-ы ғана дауыс берген. Қостанай облысында бұл көрсеткіш 9,75%-ды, Астанада 9,93%-ды құрады. Павлодар облысында сайлаушылардың 10,91%-ы, Солтүстік Қазақстан облысында 10,82%-ы дауыс берген.

ОСК мәліметінше, өзге өңірлердегі көрсеткіштер мынадай:

Абай облысында сайлаушылардың 12,56%-ы, Ақмола облысында 12,04%-ы, Алматы облысында 13,53%-ы, Атырау облысында 11,86%-ы дауыс берген.

Батыс Қазақстан облысында сайлаушылардың белсенділігі 11,85%-ды, Жамбыл облысында 12,83%-ды, Маңғыстау облысында 13,02%-ды, Ұлытау облысында 12,97%-ды құрады.

Шымкентте сағат 10:00-ге дейін сайлаушылардың 12,67%-ы дауыс берген.

Айта кетейік, дауыс беру белсенділігі туралы мәліметтер күні бойы жаңартылып отырады.

Қазақстанда сайлау өтіп жатыр

29 қарашада қазақстандықтар барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлап жатыр. Ел бойынша 228 жергілікті өкілді органға 3 447 депутат сайланады. Сайлаушылар тізіміне 12,6 миллионнан астам азамат енгізілген.

Астанада 446, Алматыда 670, ал Алматы облысында 683 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.

Бұған дейін Ulysmedia.kz тілшілері елордадағы Тәуелсіздік сарайының маңында күзет күшейтілгенін хабарлаған еді. Журналистер сарайға алдын ала әзірленген тізім бойынша кіргізілген.

Сондай-ақ, редакция Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейінгі сайлауларда дауыс беріп жүрген «Астана Опера» театрының ғимаратындағы №228 сайлау учаскесінде бірқатар өзгеріс болғанын байқаған. Бұл жолы учаске театрдың бас фойесінен басқа жерге көшіріліп, дауыс беруге арналған орынның аумағы едәуір кішірейген. Бұрынғыдай күшейтілген күзет те байқалмаған.

Ulysmedia.kz тілшілері дауыс беру барысын назарда ұстап отыр.

Сізге қызық болуы мүмкін