Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауға қатысты. Мемлекет басшысы Астанадағы Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
29 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайына келіп, өз таңдауын жасады.
«Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарын кезектен тыс сайлауға қатысып, Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесінде дауыс берді», – деп хабарлады Ақорда.
Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы сағат 14:00-дегі жағдай бойынша елдегі сайлаушылардың 45,46%-ы дауыс бергенін хабарлады.
Ең жоғары көрсеткіш Жетісу облысында тіркелді. Өңірде сайлаушылардың 58,35%-ы дауыс берген. Одан кейін Түркістан (56,91%) және Қызылорда (56,38%) облыстары тұр.
Ең төмен көрсеткіш Алматыда тіркелді. Қалада сайлаушылардың 25,72%-ы дауыс берген. Шымкентте бұл көрсеткіш 32,74%-ды, Астанада 33,27% болды.
Еске салайық, 29 қарашада қазақстандықтар барлық деңгейдегі 228 мәслихатқа 3 447 депутат сайлайды. Сайлаушылар тізіміне 12,6 миллионнан астам азамат енгізілген.
Дауыс беру жалғасып жатыр. Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың белсенділігі туралы алдын ала мәліметтерді жариялап отыр.