Мәслихат депутаттарын сайлауда дауыс берген қазақстандықтардың арасында мәдениет пен спорт саласының танымал өкілдері де бар. Астанада сайлаушылар танмыл өнер иелерімен тілдесіп, бірге естелік суретке түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазақстанның халық әртістері Майра Ілиясова мен Айтқали Жайымов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов және әнші Дос Абсадық сайлауға қатысып, дауыс берді.
Сондай-ақ, мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов, Қазақстан Жазушылар одағының елордадағы филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы, ақын Мақпал Мыса мен айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы да сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасады.
Алматы облысында бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, Азия чемпионатының қола жүлдегері Ертуған Зейнуллинов сайлауға қатысты. Спортшы Қарасай ауданындағы сайлау учаскелерінің бірінде дауыс берді.
Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметінше, сағат 14:00-ге дейін еліміздегі сайлаушылардың 45,46%-ы дауыс берген. Астанада бұл көрсеткіш 33,27%-ды, Алматы облысында 51,36%-ға жетті.