Украинадағы соғыс: БҰҰ опат болған бейбіт тұрғындар санын жариялады

Ulysmedia

Ресей Украинаға басып кіргелі елде 8000 бейбіт тұрғын қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Мұндай статистиканы БҰҰ адам құқығы жөніндегі басқармасы жариялады.

Басқарма мәліметінше, соғыс құрбандарының көпшілігі кең радиусты жарылғыш қарудан қайтыс болған. Оның ішінде артиллериялық снарядтар, қанатты және баллистикалық ракеталар мен әуеден жасалған соққылардан зардап шеккен. Жарақат алғандары саны 13 мыңнан асады.

Айта кетейік, 24 ақпанда Украинадағы соғыстың басталғанына 1 жыл толады. Осыған орай Қазақстандағы тіркелмеген Демпартия басшысы Жанболат Иманбайдың жары, журналист Инга Иманбай пикет өткізетінін мәлімдеді. Оның пікірінше, 24 ақпан – бұл Украина үшін ғана емес, тәуелсіз және гүлденген мемлекетте өмір сүргісі келетін Қазақстан азаматтары үшін де маңызды күн.

“Егер Украина құласа, агрессордың шабуылына тойтарыс бере алмаса, онда бұл біздің жағдайымызға да әсер етері сөзсіз. Сондықтан, осы оқиғаларға деген көзқарасымды білдіру міндетім деп есептеймін”, – деді журналист.