Мемқызметке орналасу үшін қазақ тілін білу талабы енгізіле ме?

Ulysmedia

Мемлекеттік қызметке орналасу кезінде үміткерге қазақ тілін білу талабы қойылуы мүмкін. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Жолманов айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөз

«Қазір мемлекеттік қызметшіге азамат өтініш берген тілде жауап беруі керек деген талап қойылады. Ол үшін біз жұмыс жасап жатырмыз. Бүгінгі таңда Мемлекеттік басқару академиясына магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша оқуға түсу үшін қойылатын шарттардың бірі – азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі орта деңгейден төмен болмауы тиіс.

Сондай-ақ Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу кезінде мемлекеттік тілді меңгеру туралы талап бекітілді. Қазіргі уақытта біз мемлекеттік қызметке орналасу кезінде қазақ тілін міндетті білу талабын енгізу мәселесін талқылап жатырмыз. Егер бұл талап бекітілетін болса, оны қосымша хабарлаймыз», - деді Азамат Жолманов.

Спикер мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілді меңгеру мәселесі кейінгі уақытта қоғамда қызу талқыланып жүргенін атап өтті. Оның айтуынша, қызметшілер қоғам талабына сай өздерінің кәсіби дағдыларын жетілдіріп отыруы тиіс.