Оралда күштік құрылымның бұрынғы өкілдері митингіге шықты

Ulysmedia

25 ақпанда Оралда полиция, құтқару қызметінің бұрынғы өкілдері, отставкадағы әскери қызметкерлер митинг өткізіп, жылдар бойы жинақтаған зейнетақы төлемдерін тиісті дәрежеде толық төлеуді талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Азаттыққа сілтеме жасап.

Ашық дереккөз

Айтуларынша, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалана алмай отыр. "Қазақ халқының даңқты қыздары" ескерткіші маңындағы рұқсат етілген митингіге зейнетке шыққан 60 шақты адам жиналды.

Акция басталғанға дейін олар Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспановаға арналған ескерткішке гүл қойды.

"Біз Қазақстанның құқық қорғау органдарының барлық зейнеткері атынан сөйлеп отырмыз. Үнімізді президент пен үкімет естіп, мәселенің мән-жайына қанықса дейміз. 2016 жылдың 1 қаңтарынан кейін зейнетке шыққан зейнеткерлерге мемлекеттік базалық зейнетақы төлеу мәселесі қазір бізді алаңдатып отыр" деді жиналғандардың талабын оқыған Талап Залмұқанов.

Зейнетке шыққан полиция, әскер, құтқару қызметінің бұрынғы өкілдері базалық зейнетақы төлемін ала алмай отырғанын айтты. Айтуларынша, қызмет істеп жүрген кезде жинақтаған барлық төлем зейнетақы қорында жатыр және ол тек зейнет жасы 63 жасқа жеткеннен кейін ғана төленетіні айтылған.

“Мен органдарда 1996 жылдан бері істеп келемін, 2016 жылы 27 қарашада зейнетке шықтым. 2016 жылға дейін зейнетке шыққандарға 50 пайыз көп зейнетақы төленеді, ал біз 50 пайыз аз аламыз. Не үшін олай бөлетіні – түсініксіз. Біз тек 63 жасқа жеткенде ғана толық зейнетақы аламыз. Бізге ешкім ештеңе түсіндірген жоқ, қазір 2016 жылы не болғанын түсінуге тырысып жатырмыз”, – деді полицияның бұрынғы қызметкері Сергей Букин.

Акцияға қатысқан кейбір азаматтардың айтуынша, зейнетақы жарнасына қатысты өзгерістер туралы хабарламаны олар жұмыс істеп жүрген кезде алған.

“Бізге былай түсіндірді: [Жалақыдан алынатын] Зейнетақы жарнасы болмайды, зейнетақымен мемлекет өзі толық қамтамасыз етеді. Бірақ солай деген мемлекет біздің зейнетақы жарнамызды есепшотымыздан алып отыр. Зейнетке шыққалы бері әлі күнге дейін ешқайсымыз ол ақшаны пайдалана алмай келеміз”, – деді акцияға қатысушылардың бірі Марат Өтегенов.

Өздерінің құқықтарын қорғау үшін бұрынғы қызметкерлер бірігіп, мессенжерлерде топ құрған. Қазір Батыс Қазақстан облысындағы чатта шамамен 800 адам бар.

“Біз бірнеше мәлімдеме жаздық, Қазақстанның барлық қалаларынан қол жинадық, шамамен 7 мың қол жиналды. Күштік құрылымның сонша өкілі зейнетақысын ала алмай отыр”, – деді Талап Залмұқанов.

Акцияға қатысушылардың айтуынша, олар бірнеше қалада митинг өткізуге өтініш бергенмен тек Оралда ғана рұқсат берген. Олар нәтиже болмаса, митингіге шыға беретінін айтты.

Митингіге әкімдіктен немесе үкіметтен өкілдер келгені-келмегені белгісіз.