Миллиондаған босқын, мыңдаған тұтқын, опат болған балалар. Украинадағы соғыстың негізгі статистикасы

Ulysmedia

Бір жыл бұрын дүниежүзі Ресей Украинаға басып кіргенінен есеңгіреп, әлемнің түкпір-түкпірінде соғысқа қарсы жұрт жаппай наразылыққа шыға бастаған еді. Содан бері Украина халқының үштен бір бөлігі елден кетуге мәжбүр болды, мыңдаған бейбіт тұрғын қаза тапты, көтпеген мектеп, аурухана, мәдени орын қирады. Украина мен Ресей майданда мыңдаған әскерінен айырылды. Соғыстың бір жылдығы тұсында "Настоящее время" қақтығыстың негізгі статистикасын шолып шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Азаттыққа сілтеме жасап.

Ашық дереккөз

 

ҚАНША БЕЙБІТ ТҰРҒЫН ҚАЗА ТАПТЫ?

БҰҰ есебінше, Украинада соғыстың кесірінен кемі 8006 бейбіт тұрғын қаза тауып, 13 287 адам жараланған. Қаза тапқандардың ішінде 487 бала, жараланғандар арасында 954 бала бар.

Мариупольде қаза тапқан бейбіт тұрғындарды жерлеу. 9 наурыз, 2022 жыл.

БҰҰ қаза тапқандар мен жараланғандардың саны бұдан да көп болуы мүмкін дейді. Себебі оккупацияланған аймақтардағы зардап шеккендерді анықтау қиын. Бұдан бөлек, кейбір аймақтарда адамдарды жаппай жерлеп тастауы мүмкін, үйінділер астында қалып, із-түссіз жоғалғандар да бар.

УКРАИНА ТҰТҚЫНДА БОЛҒАН ҚАНША ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕРІН ҚАЙТАРДЫ?

"Настоящее времяның" есебінше, соғыс басталғалы Украина Ресей тұтқынына түскен кемі 1770 әскериін қайтарып алған. Украина мен Ресей көбіне әскери тұтқындарды алмасып жатыр, бірақ былтыр қазанда Украина Ресей тұтқынында болған 288 бейбіт тұрғынды да қайтарып әкелді.

Құқық қорғаушылар тұтқындарды ұстау кезінде азаптау болғанын, Женева конвенциясы бұзылғанын айтады. БҰҰ мәліметінше, украиналық тұтқындарды токпен қинап, пышақпен жарақаттап, шоқпармен ұрған. Әйелдер де токпен қинағанын, зорлаймыз деп қорқытқанын, жалаңаш еркектердің көзінше бір бөлмеден екінші бөлмеге жүруді бұйырғанын мәлімдеген.

Донбасс аймағындағы шайқаста жүрген украиналық әскери. 3 қыркүйек, 2022 жыл.

Украиналық тұтқындар камерада адам толы болғанын, тазалық сақталмағанын, тамақ пен су жетпегенін айтқан. Тұтқында болғандардың бір бөлігі салмақтан айырылған.

Былтыр Ресейдің Еленовка елді мекенінде жарылыстан украиналық 53 тұтқын қаза тапқан. Ресей мен Украина бұл жарылысқа бір-бірін айыптаған. Ресей қорғаныс министрлігі Украина колонияны HIMARS жүйесімен атқылады деген. Ал Киев Ресей Еленовкадағы колонияға өзі шабуылдап, бізге жала жапты деп мәлімдеген.

Украина президенті кеңсесінің мәліметінше, қазір Ресейде 3 мыңнан астам украин азаматы тұтқында отыр, 15 мыңдай адам із-түссіз жоғалды деп танылған. Бірақ соғыс уақытында мұндай ақпаратты тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.

УКРАИНАДА ҚАНША АДАМ ҮЙІН ТАСТАП КЕТТІ?

Ресей басқыншылығының кесірінен Украинада 13 миллионнан аса адам үйін тастап кетуге мәжбүр болды. Бұл – ел халқының үштен бір бөлігі. 8 миллионнан астам адам қазір Еуропаның басқа елдеріне, ал 5,3 млн адам Украина ішінде қоныс аударған.

Бұдан бөлек, БҰҰ 2,8 миллионнан астам украин азаматы Ресейге кеткенін айтады. Ал ресми Киев ресейлік әскерилер украиналықтарды күштеп алып кетті деп мәлімдеген.

Донецк облысынан тұрғындарды эвакуациялау. 2 тамыз, 2022 жыл.

Бұған қоса, көптеген адам қақтығыс салдарынан Мариуполь қаласынан, Херсон, Донецк, Луганск облыстарынан басқа жерге шыға алмай, Ресейге кетуге мәжбүр болды.

ӘСКЕРИ ҚЫЛМЫС ЖӘНЕ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ

Украина полициясы соғыс басталғалы Ресей жауынгерлерінің Украина аумағында жасаған қылмысына қатысты фактілер бойынша 63 мыңнан астам қылмыстық іс қозғаған. Істердің 50 мыңы – әскери қылмыс: тұтқындар мен бейбіт тұрғындарды азаптау, халықаралық заңға қайшы қару қолдану деп қозғалған.

Украина бас прокуратурасының есебінше, елде жүздеген адам ресейлік әскерилердің сексуал зорлық-зомбылығын көрген, бірақ олардың ішінде тек 155 адам сотқа шағымданған. 11 іс кәмелетке толмағандарды зорлау күдігі бойынша қозғалған.

Украина бас прокуратурасы сексуал зорлық-зомбылық Киев және Херсон облыстарында болғанын айтады. Орган Херсон облысында ер адамдарға жасалған зорлық-зомбылық фактілері бойынша 38 іс қозғалғанын да мәлімдеді.

ҚАНША МЕДИЦИНА ОБЪЕКТІСІ ШАБУЫЛҒА ҰШЫРАДЫ?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Ресей әскері Украинада кемі 741 медицина объектісіне шабуылдаған. Олардың қатарында аурухана, жедел жәрдем каретасы, медқызметкерлер бар.

ДДСҰ шабуылдардың көбі танкімен, ракетамен, бомбамен және минометтермен жасалған. Шабуылдардың көбі былтыр наурызда жасалған.

СОҒЫС ҚАНША БАЛАНЫ МЕКТЕПСІЗ ҚАЛДЫРДЫ?

Украина білім министрлігінің есебінше, соғыс басталғалы кемі 3139 білім мекемесі бүлінген. Бұлардың ішінде 441 білім мекемесі толық қираған.

UNICEF есебінше, Ресей басқыншылығы Украинада кемі бес миллион баланың білім алуына кедергі келтірген. Мектептер Ресейдің ракета шабуылының нысанасы болғандықтан, ата-аналардың біразы балаларын мектепке жіберуден қорқып қалған. Ресей әскерилерінің ракета шабуылынан жарық пен интернет жұмысы баяулап, онлайн оқудың өзі қиынға айналды.

УКРАИНАДА ҚАНША МӘДЕНИЕТ НЫСАНЫ ҚИРАДЫ?

ЮНЕСКО-ның есебінше, соғыс басталғалы Украинада кемі 241 мәдениет нысаны қираған. Олардың қатарында шіркеулер, театрлар, мұражайлар, кітапханалар, ескерткіштер бар. Қираған нысандардың жартысы Донецк және Харьков облыстарында болған.

Ал Киев экономика мектебінің дерегінше, Ресей әскерилері Украинада 900 мәдениет объектісін қиратқан.

Ресей шабуылынан қираған Мариупольдегі театр. 10 сәуір, 2022 жыл.

Мариупольдегі драма театр Украинада қираған мәдени нысандардың символына айналды. Бұл театрға бомба түсіп, шатыры опырылып, қабырғасының басым бөлігі бүлінген еді. Ресей шабуылдағанда, театрда жүздеген адам бас сауғалап отырған. Мариупольдің қала кеңесі театрды бомбалау салдарынан 300 адам қаза болғанын айтты.

Ресей оккупанттары орнатқан жергілікті билік Мариупольді басып алған соң, бүлінген театр ғимаратын түгел құлатып тастады. Ғимарат 144 жыл бұрын салынған.