Ералы Тоғжанов бапкерлердің жалақысын өсіруді тапсырды

Аян Өрібай

Тиісті ұсынысты дайындауды премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Мәдениет және спорт министріне жүктеді. Бұл туралы Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Бас Ассамблеясының отырысында айтылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.

Фото: Ашық дереккөзден

Ералы Тоғжанов Ұлттық Олимпиада комитетіне Токио олимпиадасының қателіктерін талдайтын жұмыс тобын құруды ұсынды. Оның айтуынша, Олимпиада ойындарының қорытындысы бойынша қателікпен сапалы жұмыс істеу керек. «Ұлттық олимпиада комитетінен дене шынықтыру және спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын өзектілендіруге белсенді қатысуды сұраймын. Сіздердің мол тәжірибеңіз сапалы жоспар дайындауға көмектесетініне сенімдімін. Мемлекеттік органдар мен спорт қауымдастықтарының өкілдері сапынан жұмыс тобын құруды ұсынамын. Қазір бапкерлер даярлау ісі өзекті болып тұр. Ұлттық олимпиада комитеті Мәдениет және спорт министрлігімен, Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, жоғары оқу орындарында жаңа білім бағдарламаларын дайындауға атсалысуы керек», - деді ол.

Ералы Тоғжановтың айтуынша, министрлікке бапкерлерді қолдау, оның ішінде еңбекақысын көтеру бойынша ұсыныс дайындау керек.

«Алдағы Бейжің қаласында өтетін қысқы Олимпиада ойындарында спортшыларымыздың табысты өнер көрсетуін қамтамасыз ету қажет. Федерация басшыларымен бұл жөнінде жеке кездесу өткіземіз», - деді Ералы Тоғжанов.