Тестілеуден өтеді, балаларды емдейді: Қазақ полициясындағы иттер жайлы не білеміз

Ulysmedia

Елімізде бүгінде 600-ден астам түрлі тұқымды ит полиция қызметінде жүр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Иттер қандай қылмыстарды ашуға тартылады?

ІІМ мәліметінше, 2022 жылы кинологиялық бөлімшелердің қатысуымен 6023 құқық бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, 2360 ұрлық, 188 тонау, 26 қарақшылық, 55 кісі өлтіру деректері ашылған. Қызметтік иттердің көмегімен 636 келіден астам есірткі, оның ішінде 114 келі синтетикалық есірткі тәркіленіп, заңсыз айналымға жіберілмеді. Кинологиялық қызметтің арқасында есірткінің заңсыз айналымының 900-ге жуық фактісінің жолы кесілген.

Полиция сапындағы иттердің тұқымы қандай?

Ақпаратқа сәйкес, 600-ден астам түрлі тұқымды ит полиция қызметінде. Олар – есірткі мен жарылғыш заттарды, адамдарды іздеу, тінту, ізге түсу және шабуылдауға бейім бельгиялық және неміс овчаркалары, лабрадор-ретриверлер мен басқа тұқымды иттер. Бүгінде әр облыста полицияда жаңа психобелсенді заттардың иісін анықтап, таба алатын ит бар.

Кинологтар мен олардың қамқорлығындағы иттерді базалық даярлау Алматыдағы ІІМ Кинологиялық қызмет орталығында жүзеге асырылады. Мұнда жыл сайын 150-ге жуық полиция қызметкері оқыту және қайта даярлаудан өтеді. Орталықтың теңгерімінде 34 қызметтік ит бар. Өткен жылы орталықта 30 күшік дүниеге келді: 26 неміс овчаркасы және 4 малинуа. Күшіктер 45 күнге толғанда алғашқы сынақ – полиция қызметіне жарамдылық тестілеуінен өтеді.

Оларды даярлау 4-6 айдан басталады. Қызметтен басқа полиция иттері тағы бір маңызды функцияны орындайды. Кинологиялық орталықтардың иттері аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған канистерапияға қатысады. Бала үшін ит мотиватор рөлін орындайды: ол бүлдіршінді белсенді жұмыс істеуге және жетістікке жетуге ынталандырады.