Ақтау әкіміне қомақты айыппұл салынды

Ulysmedia

Заңды күшіне енген сот шешімін орындамағаны үшін Ақтау қаласының әкімі Ербол Ізбергенов жазаланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

gov.kz

Бұл туралы Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты мәлім етті.

Сот шешімімен ЖШС-тің Ақтау қаласының әкіміне қатысты талабы қанағаттандырылған. Атап айтсақ, сот шешімімен жауапкердің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тартуы заңсыз деп танылып, жердің нысаналы мақсатын өзгертуді, яғни бір ай ішінде ЖШС-нің пайдасына қолайлы әкімшілік акт қабылдау міндеттелген.

Алайда, осы уақытқа дейін сот шешімі орындалмаған, жеткілікті уақыт өтсе де қала әкімі қолайлы әкімшілік акті қабылдауға ешқандай шара қолданбаған.

Әкімшілік кодекстің талаптарына сәйкес, сот шешімдерін орындау соттың бақылауында және оларды орындаудан жалтару 50 АЕК мөлшерінде ақшалай өндіріп алуға әкеп соғады.

Нәтижесінде, сот ұйғарымымен Ақтау қаласының әкіміне қатысты 50 АЕК мөлшерінде, яғни 172 500 теңге ақшалай өндіріп алу шарасы қолданылған.

«Әкім ақшалай өндіріп алуды 5 күн ішінде төлеуі және сот шешімін 10 күн ішінде орындауы керек. Әйтпесе, ақшалай өндіріп алу 10 АЕК-ке ұлғайтылған мөлшерде қайта қолданылатын болады», -делінген сот хабарламасында.

Айта кетейік, Ербол Ізбергенов Ақтау қаласын 2022 жылдың қазанынан бері басқарып келеді.