Айкөркемнің қазасы: Оқ жаудырған бес адам, күдікті біреу-ақ

Ulysmedia

Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің өліміне байланысты "қылмыстық іс біржақты тергелген, көлікке бес адам оқ жаудырса да, бір адам ғана күдікті танылған, қалғаны куәгер ретінде тергеліп, жазадан құтылып кетпекші". 2 қазанда Алматыда баспасөз жиыны кезінде жәбірленуші жақ осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Азаттыққа сілтеме жасап.

Ашық дереккөз

 

 

Олар істі қайтадан тергеуге жіберіп, тиісті бап бойынша яғни, "Бала өлімі" бойынша тергеуді талап етті. Бұған дейін іс "билік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша тергелгені белгілі болған.

– Олар [әскери қызметкерлер – ред.] куәгер ретінде танылған. Рота командирін кінәлі деп тауып, оны "билік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша жауапқа тартып жатыр. Бұл бапта 5-7 жылға дейін бас бостандықтан айыру жазасы қарастырылған. Ал бала өлімі бойынша бап 20 жылға дейін бас бостандықтан айыру жазасын ұсынады. Яғни, адам өлтірушілер тиісті жазасын алмас үшін оларды "Адам өлтіру" бабынан "Билік өкілетін асыра пайдалану" бабына ауыстырып отыр, – деді 2 наурыз күнгі баспасөз жиын кезінде адвокат Рафик Бейсенбеков.

Қылмыстық іс материалдарына қарағанда, іс бойынша тергелген әскери қызметкерлер оқ атқанын мойындаған. Бірақ іс бойынша тек бір адамның ғана жауап бергенін қалап отыр. Олар бірнеше бала отырған көлікке "кездейсоқ оқ тиді" деп "ақталып отыр" дейді жәбірленуші жақ.

- Балалар отырған көлік Сәтбаев пен Желтоқсан қиылысындағы бағдаршамға келіп тұрған. Қарсысында блокпост тұрады. Бұлар бірінші линияда тұрады. Ал екінші линияда тұрған "Яндекс.такси" бұрылып, Желтоқсан көшесімен төмен қарай тоқтамай өтеді. Бірінші соларға қарай бытырлап оқ атылады. Айдостың [Айдос Мелдехан – Айкөркемнің әкесі] рөлде отырған ұлы сол кезде "кішкентай тастар жауып кеткендей болды" дейді. Бір кезде өзінің қарындасының құлап жатқанын көреді. Сүйтіп, көлікті бірден бұрған. Сонда алдыңғы, артқы "лобовойдан" оқ жауған. Ал тергеудегілер "Яндекс.такси" қашты, біз соларға оқ жаудырдық, сонда абайсызда тиіп кетті" дейді. Абайсызда көп болса бір-екі оқ тиеді. Ал оқ жаудырса, қалайша "абайсызда" болады. Көліктің сау-тамтығы жоқ. Ана қыздың денесінен 7 оқ, ана баланың денесінен үш оқ алынған. Айкөркемнің миы шашылып кеткен. Оқ жаудырса, кездейсоқ тиді деп айтуға бола ма? – дейді Қаңтар оқиғасына қатысты сот істері мәселесін көтеріп жүрген "Тамшы" қорының директоры Бақытжан Қосбармақов Азаттыққа.

Оның айтуынша, бұған қоса 11 томдық істің басым бөлігі құпия болмаса да, "іс құпияланған".

– Ол жерде құпия ештеңе жоқ болса да, бұлар бәрін құпияландырып тастаған. Қазір оған "доступ" керек. Қазан айында бұл істе жеті том болған, соның ішінде біреуінде ғана құпия құжат болғаны айтылған. Негізі заң бойынша мұндай кезде қозғалған істердің құпия томдары бөлек жиналуы керек те, ал жалпы томдар құпияланбауы керек. Ал бұлар 11 томның бәрін құпияландырып тастаған. Олар осылайша өздерінің қылмысын құпияландырып, жауып жасырғысы келеді деп санаймыз. Бұл тек Айкөркем ісі ғана емес, Қаңтарда қаза болған марқұмдардың өліміне байланысты істердің бәрін құпияландырып жатыр, – деді Бақытжан Қосбармақов.

Ақпаратқа қарағанда, Айкөркемнің қазасына байланысты іске тартылған әскери қызметкерлер – Талдықорған қаласының десанттық отряд қызметкерлері. Қаңтар кезінде олар Алматыға жеткізіліп, қолдарына автомат берілген.

Бақытжан Қосбармақовтың сөзіне қарағанда, енді жәбірленуші жақ қылмыстық істі қайта тергеуге жіберіп, істі "билік өкілетін асыра пайдалану" бабы емес, "Бала өлімі" бойынша қайта тергеуді талап етіп отыр.