Гүлмира Сатыбалды тергеу барысында елден кетіп қалмақ болған

Ғалиасқар Думан

Елордада Гүлмира Сатыбалды ісіне байланысты алдын ала сот тыңдауы өтіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Сот отырысы барысында сотталушының адвокаты Гүлмира Сатыбалдыға қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініш білдірді.

"Біз бұлтартпау шарасын өзгертуді сұраймыз, өйткені Гүлмира Сатыбалды бір жылдан астам қамауда. Оның үш баласы бар, әйел, оған толық оқшаулану қиын. Бүгінгі таңда бес немересі, тұрақты тұрғылықты жері бар. Сатыбалды барлық сот отырыстарына алдын ала шақыру бойынша келуге дайын, сондықтан бұлтартпау шарасын үй қамағына немесе кепілге ауыстыруды сұраймыз", - деді адвокат Әсел Рабатова.

Алайда прокурор Әлмира Қожахметова соттан адвокаттың бұл өтінішін қанағаттандырмауды сұрады, өйткені Гүлмира Сатыбалды тергеу барысында елден кетіп қалуға тырысқан.

"Сотқа дейінгі іс жүргізу барысында сотталушы Гүлмира Сатыбалды шекарадан өтуге тырысқаны туралы фактілер болды", - деді прокурор.

Еске салсақ, іс материалдары бойынша Гүлмира Сатыбалды, оның бақылауындағы «Ария-Жаңа Астана» ЖШС-нің басшылығы және мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары объектілерді салуға бөлінген бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілінген.

Тергеу сатысында мемлекетке келтірілген залал толығымен өтелді.

Айта кетсек, Гүлмира Сатыбалды – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі.

Өткен жылы сот үкімімен Қайрат Сатыбалды 6 жылға бас бостандығынан айырылды.