Босқын мәртебесін сылтауратқан Әблязовқа француз соты айыппұл салды

Ғалиасқар Думан

Франция соты Мұхтар Әблязовқа айыппұл салу жөнінде шешім шығарған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

wsj.com

БТА банктің мәліметінше, Францияның Экс ан Прованс қаласының апелляциялық соты Мұхтар Әблязовтың сот отырысына келмеуін саяси қуғынға ұшырауымен байланыстырған уәжін қабылдаудан бас тартқан.

«Ол 2021 жылдың 15 және 16 маусымында Экс ан Прованс қаласындағы сотқа келіп, жауап беруі керек болған. Соңғы сәтте Әблязов өз адвокаты арқылы саяси қуғыннан сақтанғандықтан франциялық соттың нұсқауымен жүргісі келмейтінін мәлімдеген. Кейін БТА Әблязовқа сотқа келмегені үшін айыппұл салу жөнінде ұсыным хат жолдаған. Апелляция соты оның 2018 жылы да осыған ұқсас шақыруға келмегенін анықтады. Сондай-ақ, Әблязов әуелі Англияда босқын мәртебесінен айырылды. Кейін Францияда да осындай мәртебеден айырылды. Сондықтан ол сотқа келмеуіне босқын мәртебесін сылтау ретінде қолдана алмайтын», - деп жазылған БТА банк сайтындағы ақпаратта.

Банк мәліметінше, бұған дейін тергеу судьясы Әблязовқа сот бақылауы шарасын тағайындап, талап бойынша сотқа келуге міндеттеген. Мұхтар Әблязов бұл талапты бұзып, сот шақыруын орындамаған.

7 наурызда Экс ан Прованс қаласының апелляция соты Мұхтар Әблязов соттың келу талабын орындамағанын растаған шешім шығарды.Осыған байланысты оған айыппұл салынды.

«БТА Банкі француз сотының әділ шешімін құптайды. Мұхтар Әблязов пен оның сыбайластары бірнеше рет сот процесіне қатысудан бас тартып, көптеген сот шешімдерін, соның ішінде АҚШ-та да бұзды. Ол үшін жауапқа тартылып, айыппұл арқалады», - делінген ресми мәліметте.