Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей және Қытай елшілерін қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ақорданың хабарлауынша, мемлекет басшысы Ресей елшісі Алексей Бородавкинмен әңгіме барысында президент Владимир Путиннің Қазақстанға алдағы сапарының, сондай-ақ биыл күзде Қостанайда өтетін XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізудің маңыздылығын атап өткен.
Бұдан бөлек, Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің қазіргі жай-күйі мен перспективалары талқыланды.
Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Чжан Сяомен кездесуде биыл мамыр айында Сиань қаласында өтетін «Орталық Азия + Қытай» саммитінің және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға жоспарланған мемлекеттік сапарының өзектілігі сөз болды.
Сондай-ақ екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту, экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту маңызды екеніне назар аударылды.
Мемлекет басшысы Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің Украинаға қатысты жағдайды саяси тұрғыда реттеу жөніндегі бітімгершілік әрекетіне жоғары баға берген.