Ақтөбе облысының экс-әкімін қамауда ұстау мерзімі ұзартылды

Ulysmedia

Мемлекетке 200 млн теңгеге жуық шығын келтірді деп айып тағылған «Ақтөбе» Әлеуметтік кәсіпкерлік коропорациясының бұрынғы басқарма төрағасы Ермек Имантаевті қамауда ұстау мерзімі тағы екі айға ұзарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Тергеуді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті жүргізіп жатыр. Ол қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланды, өзінің үлестес адамдарына жер телімін төмен бағаға берді, сол арқылы мемлекетке 199,4 млн теңге шығын келтірді деген күдікке ілікті.

«Тергеу соты «қамауға алу» түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға шешім қабылдады. Күдікке іліккен бабы бойынша 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Кінәсі дәлелденсе басшылық қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылады. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Өзге ақпарат тергеу құпиясына байланысты жарияланбайды», - деп хабарлады ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті.

Ермек Имантаев 2002-2004 жылдары Ақтөбе облысының әкімі болды, одан кейін ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің, ұйымдастыру-бақылау жұмысы және кадр саясаты басқармасының Мемлекеттік инспекциясының мемлекеттік инспекторы болып ауысты. 2010 жылдан бастап Астанада түрлі құрылымдарда еңбек етті. 2019 жылдың қараша айында ол Ақтөбеге оралып, Ақтөбе ӘКК басшысы болып тағайындалды, онда 2021 жылдың наурызына дейін қызмет атқарды.