Қазақстанға 43 млн теңгенің дәрі-дәрмегі заңсыз кіргізілмек болған

Айнель Аянова

Алматыда Үндістаннан жеткізілген құны 43,4 млн теңге болатын дәрі-дәрмек тәркіленді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: МКК

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, биыл наурызда комитеттің Алматы қаласы бойынша басқармасы «Жетісу» кеден бекетінің қызметкерлері қалалық ЭТД-мен бірлесіп, Авиациялық көлік прокуратурасы бастамасымен Үндістаннан әкелінген контрабанданы тәркіледі.

Оның таза салмағы – 356 келі. Күдіктілер «Тағамға биологиялық белсенді қоспа» деп жазылған 54 449 дана дәрілік заттың партиясын (таблетка түрінде) енгізуге тырысты. Дәрілер бөлшек саудаға арналып оралған, - деп жазылған хабарламада.

Кедендік сараптама нәтижесінде тауардың «дәрілік зат» екені, терапевтік мақсатқа пайдалануға арналғаны белгілі болды.

Дәрі-дәрмектің кедендік құны – 43,4 млн теңге, ал бюджетке келтірілген шығын сомасы – 5,2 млн теңге. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушының іс-әрекетінде Қылмыстық кодекстің 234-бабында көзделген «Экономикалық контрабанда» заңбұзушылық белгісі байқалады. Осыған байланысты материал Алматы қаласы бойынша ЭТД-не жіберілді, - деп жазылған хабарламада.

Жыл басынан бері басқарма кеден заңын бұзудың 780 дерегін тіркеп, 6,4 млн теңге айыппұл салды әрі қосымша 82,2 млн теңге кедендік төлемдер мен салықтар есептеліп, өндірілді.