Депутаттар Қазақстандағы кен орындарының иелері және байлығын жариялауды талап етті

Ғалиасқар Думан

Парламент мәжілісінің депутаты Сергей Пономарев Қазақстанда кен орындарының иелері және байлығын жариялауды талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Депутат Қазақстан жерінің әр сантиметрі, әрбір тамшы мұнайы қазақстандықтардың игілігі үшін жұмыс істеуі керектігін қадап айтты.

«Біз Қазақстанның жер қойнауынан қандай байлық және қандай көлемде өндірілетінін білгіміз келеді. Біздің еліміздегі кен орындарының және сол бизнестің иесі – бенефициар кім екенін білгіміз келеді. Әрбір тамшы мұнай, әр грам кен, әрбір сантиметр жер азаматтарымыздың игілігі үшін жұмыс істеуі керек. Өндіруші саланың экономикадағы маңызды рөлі тиісті қадағалау мен ашықтықты талап етеді», - деді депутат.

Ол бұл мәселелердің әсіресе жаңаөзендіктердің талап-тілектерінен кейін өзекті болып отырғанын айтты.

«Ақтөбе облысы қоғам белсенділерінің мәліметі бойынша, 2018 жылы облыс әкімдігі мен ERG арасындағы әлеуметтік жауапкершілік туралы меморандум негізінде «Қазхромнан» 53 млн 800 мың теңге алынып, сол ақшаға Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 кентіндегі 90 пәтерлік тұрғын үйдің ауласы мен коммуникацияларының құрылысы жүргізілетіні хабарланған. Алайда, іс жүзінде бұл бағытта жұмыс болмаған», - деді депутат.

Ол жер қойнауын пайдаланушылардың Қазақстанның жер қойнауындағы барлау және өндіру бойынша дұрыс есеп беруін бақылауды күшейту қажет деп санайды.