Жаңаөзенде мұнайшылар үндеу жариялап, бірнеше талап қойды

Ғалиасқар Думан

«Өзенмұнайгаз» компаниясының алдында жиналған олар видеоүндеу жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Азаттыққа сілтеме жасап.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Олар өздерін еңбек жағдайы толық жасақталған, лайықты еңбекақысы бар мекемеге жұмысқа орналастыруды, Жаңаөзендегі мұнай-газ саласындағы кәсіпорындарды тексерісті ашық жариялауды, Қытаймен визасыз режим енгізбеуді талап етеді.

Бұған дейін ҚМГ Жаңаөзенде мұнай-газ саласындағы кәсіпорындардың қызметін тексеретін комиссия іске кіріскенін хабарлаған. Алайда мұнайшылардың сөзінше, комиссияның жұмысы ашық жүріп жатқан жоқ.

«Неге олар барлық барған жерін видеоға түсіріп алып, ашық көрсетпейді? Неге ақпарат жарияламайды? Ондай ашықтық жоқ. Астанада жүргенде ҚМГ өкілдері Жаңаөзенге қашып кетті. Ал енді мұнда оларды көріп жүрген жоқпыз, не істеп жүргенін білмейміз” деді мұнайшылардың бірі Есенжан Әбдірахимов Азаттыққа.