Ақтөбе облысы Жаңажол кен орнындағы №2 газ өңдеу зауытынан шыққан өртпен төтеншеліктер 15 сағат бойы арпалысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, 1 мамыр сағат 15:55 шамасында 112 пультіне Мұғалжар ауданы Батпақкөл ауылдық округі Жаңажол кен орнынан хабар түскен. Онда «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ №2 газ өңдеу зауытының аумағында УПЛУ-1 (жеңіл көмірсутектер алу қондырғысы) өртеніп жатқаны айтылған.
Күйік шалған 4 жұмысшы тез арада Темір ауданы орталық ауруханасына жатқызылды. Зардап шеккендердің жағдайы тұрақты ауыр.
“Өрт сөндіру бойынша жедел штаб құрылды. Қызыл жалынды сөндіруге 52 құтқарушы мен 9 техника жұмылдырылды. Оқиғаның себеп-салдары анықталады”, – делінген әкімдік хабарламасында.
Тілсіз жау 20:35-те оқшауланып, 2 мамыр 06:20да толық сөндірілді.