Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев арзан азық-түлікті қайдан алуға болатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Азық-түлікті арзан бағамен сатып алуға келсек, бұл – ең алдымен бақылау-кассалық аппараттарымен жабдықталған ірі сауда желілері. Себебі, бағаға қатысты күмән туындаған жағдайда, тек чек арқылы уәкілетті органдар мен сауда департаментіне жүгіне алады. Осылайша, бағаны өсіру фактісін растауға немесе жоққа шығаруға болады. Өркениетті сауда форматы бойынша тауарларды сатып алу орындары өте маңызды. Бұл әлеуметтік маңызы бар тауарларға да қатысты», - деді вице-министр орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Сондай-ақ, А. Шаққалиев елімізде кейбір азық-түлік бағасы төмендегенін айтты.
«Соңғы аптадағы деректерді талдау нәтижесі кейбір азық-түлік бағасының түскенін көрсетіп отыр. Қарақұмық, қант, картоп, күнбағыс майының бағасы төмендеді. Жалпы, еліміз бойынша 0,7-ден 2,2%-ға дейін арзандау байқалады. Егер біз тауар номенклатурасы бойынша басқа топтағы тауарлар туралы айтар болсақ, әрине барлық жерде бағаның төмендеуі жоқ. Бірақ, өсу бар», - дейді ол.
Айта кетейік, 19 сәуірде Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Тоқаев елімізде инфляция соңғы 15 жылда болмаған деңгейге жеткенін айтып, үкімет мүшелерінің бағаны ұстап тұруға бағытталған қадамдарынан еш нәтиже жоғын мәлімдеді.
“Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді, тіпті, мәселені ушықтырады деуге болады”, – деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, күні кеше Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев халықтың орташа табысы мен қымбатшылық жайлы ресми статистика шындыққа сай келмейтінін айтты.