Ауғанстаннан 35 қандас Қазақстанға оралды - СІМ

Аян Өрібай

ҚР Қорғаныс министрлігінің арнайы ұшағы Кабулдан Алматы қаласының әуежайына 41 жолаушымен ұшып келді, деп хабарлайды ulysmedia.kz тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ауғанстан

Олардың ішінде Қазақстанның 4 азаматы, Қырғызстанның 1 азаматы және Қазақстанда тұрақты тұратын 1 ауған бар. Келген жолаушылар карантиннен өту үшін уақытша оқшауланады.

«Эвакуациялық рейсті ұйымдастыру «Талибан» қозғалысымен үйлестіріліп жүзеге асырылды. Қазақстанның Кабулдағы Елшілігі қалыпты режимде жұмыс істейді. Ауғанстанда тұратын қандастармен тұрақты байланыста. Өтініш берушілердің этникалық сәйкестігін растау және қандастарды қайтару жұмыстары жалғасуда» - делінген хабарламада.

Бұған дейін хабарланғандай, 18 тамызда Қазақстан Ауғанстаннан өзінің 25 азаматын және Қырғызстан, Ресей мен Литваның 16 азаматын эвакуациялады. Бұдан басқа, Алматыға Кабулдан Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ Миссиясы (UNAMA) және басқа да халықаралық ұйымдардың кеңселері уақытша көшірілді.