Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 7 мамырда ресми сапармен Мәскеуге ұшып кетті. Бұл жөнінде президенттің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Азаттық жариялаған ақпаратқа қарағанда, сапар барысында ол Ресей басшысы Владимир Путин және өзге де ресми тұлғалармен келіссөз жүргізеді.
9 мамырда Жапаров Мәскеудегі әскери парадқа қатысады.
Сәуір айында ресейлік "Ведомости" басылымы дереккөзге сүйене отырып, Садыр Жапаров әскери парадқа қатысатын жалғыз шетелдік қонақ болмақ деп жазған. 5 мамырда Владимир Путиннің Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонды Мәскеуге әскери парадқа шақырғаны белгілі болды. Рахмонның шақыруды қабылдағаны-қабылдамағаны белгісіз.
Былтыр Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Мәскеудегі әскери парадқа бірде бір шетелдік басшы қатыспады. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков парадқа ешкім шақырылмағанын айтқан.