Халықты солтүстікке көшіру бағдарламасы жемісін берді ме

Аян Өрібай

Соңғы 4 жылдың ішінде ерікті түрде халықтың бір бөлігін оңтүстіктен солтүстікке көшіру бағдарламасы бойынша 26 мың қазақстандық қоныс аударыпты. Оның ішінде 9 мыңы жұмыс орналасқан. Әйтсе де осынау игі шара солтүстік өңірлердегі жұмыс күшіне деген қажеттілікті жаба алмай отыр. Ал осыған дейін бұл бағытта бөлінген мемлекеттік субсидия, жәрдемақы, баспананы жалға алу және сатып алу үшін 20 млрд теңгедей қаражат жұмсалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы kursiv.kz зерттеуіне сілтеме жасап.

Фото: Ашық дереккөзден

КӨШІП БАРҒАНДАР КӨП ПЕ?

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржановтың берген мәліметі бойынша, 2017-2020 жылдар аралығында халық тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерден жұмыс күші тапшы солтүстік өңірлерге 7 мыңнан астам отбасы немесе 25,7 мың адам қоныс аударған. Ал 2021 жылғы қаңтар мен қыркүйек аралығында олардың қатарына тағы 1,3 мың отбасы немесе 4,5 мың азамат қосылған. Бағдарлама жұмысын бастағалы бері қоныс аударушылардың жалпы саны – 30,2 мың адам.

Бағдарламаға қатысушылар көбіне Павлодар (33%) және Солтүстік Қазақстан (26%) облыстарын қоныстанғысы келеді. Ақмола облысына қоныс аударушылардың тек 4%-ы ғана көшіп барған. Жалпы саны 600-ге жуық адам жаңа мекенге бейімделе алмай, келген өңіріне қайтып кеткен.

Статистикалық мәліметтерге қарасақ, бұл бағдарлама Қазақстандағы ішкі өңіраралық көші-қонның жалпы үрдістерін өзгерте алмағанын көреміз. Келушілердің аздығына байланысты қоныстану өңірлеріне бұл көштің елеулі әсер ете қоймағаны жөнінде қорытынды жасауға болады.

КӨШІП БАРҒАНДАР ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫ МА?

Ержан Біржановтың ақпараты бойынша, қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету үшін 2017 жылдан 2020 жылға дейін бюджеттен 16,2 млрд теңге, 2021 жылы 4,7 млрд теңге бөлінген. Бұл ақша азаматтарға оңтүстіктің қоныс аудару (отбасының бір мүшесіне 70 АЕК), олардың бірінші жыл ішінде тұрғын үйді жалға алу шығындарын өтеуге, қоныс аударушыларды жұмысқа, тұрғын үй сатып алуға алған жұмыс берушілерге субсидия төлеуге жұмсалған.

«Қоныс аударушылардың 613-і өз ісін дамытумен айналысады. Ал 109-ы шағын несие алған. 223-і мемлекеттік грантқа ие болды», - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хатында.

Оңтүстіктерді жаңа жерде жұмысқа орналастыруға келетін болсақ, ҚР Еңбек ресурстарын дамыту орталығының деректеріне сәйкес, 2017-2020 жылдары қоныс аударған 25,7 мың адамның тек жартысы ғана қоғамның еңбекке қабілетті мүшелері. 13 мың адамның 9 мыңы жұмыс таба алған.