«Шеврон» компаниясымен ынтымақтастықтың 30 жылы Қазақстанға не берді

Ulysmedia

Халықаралық мұнай компаниясының қатысуымен құрылған алғашқы ірі қазақстандық компания – "Теңізшевройлға" биыл 30 жыл толып отыр.

Осы уақыт ішінде "Шеврон" Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық өмірінде ойып тұрып орын алды. Ulysmedia.kz тілшісі шетелдік корпорациямен көпжылдық ынтымақтастықтың қандай нәтиже бергенін және қазақстандықтар мұндай серіктестіктен қаншалықты пайда көретінін анықтап көрді.

Осыдан отыз жыл бұрын "Шеврон" компаниясы алғашқы ірі халықаралық инвестор болып, 1993 жылы сәуірде жас Қазақстан Республикасымен Теңіз кен орнын игеру үшін бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойды.

Теңіз кен орны әлемдегі ең терең кен орындарының бірі, қойнауында "қара алтынның" қоры мол, алайда қазақстандықтар оны өз бетінше игере алмады – технология болған жоқ. Елде таңдау болды: қажетті мамандардың пайда болуын күту немесе шетелдік компанияларды тарту арқылы пайданың бір бөлігін дәл қазір кәдеге жарату. Мемлекет басшылығы екінші нұсқаны таңдады.

– Мен Отанымызды сатып жатырмыз дегенді бірнеше рет естідім. Елді көтеру үшін ақшаны басқа қайдан аламыз? Шамамен 300 миллиард АҚШ доллары тікелей инвестиция ретінде тартылды. Несие емес. Яғни, американдық компаниялар келіп, ақшаларын біздің экономикамызға салып, өндіріске кірісті. Дәл осындай инвестициялардың арқасында Қазақстан көтерілді. Олар ақша ғана емес, технология да әкелді. Бізде жер қойнауында көптеген қорлар бар, бірақ бұл Қазақстанға не береді? Халыққа ше? Әуелі шикізатты жер қойнауынан алу керек, сату керек, түскен ақшаны халықтың иглігіне жұмсау керек. Міне, мәселе қайда жатыр. Сондай-ақ, адамдарға жұмыс керек, –  деп түсіндірді Назарбаев 2016 жылы.

Қазіргі уақытта ТШО серіктестері: "Шеврон"  –  50%, "ҚазМұнайГаз "ҰК" АҚ  –  20%, "ЭксонМобил Қазақстан Венчурс Инк." –  25% және "Лукойл"  –  5%.

Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвестор ретінде "Шеврон" Қарашығанақ жобасына қатысу үлесіне ие, Каспий құбыр консорциумындағы ірі жеке акционер болып табылады және Атырауда полиэтилен құбырлары зауытын басқарады.

Қазақстанда полимерлі құбырлар өндірісінің пионері  –  Атырау полиэтилен құбырлар зауытын "Шеврон" компаниясы 2003 жылы ел экономикасын әртараптандыру жөніндегі міндеттемелер шеңберінде іске қосты. Бұл Теңіз кен орнын игеріп жатқан корпорацияның Қазақстан экономикасын әртараптандыруға қосқан үлесі. Зауыттың алты өндірістік желісі жылына 17000 тонна полиэтилен құбырларын өндіруге қауқарлы. Олар еуропалық және басқа өндірушілер жасаған PE-100 сияқты жоғары беріктігі бар полиэтиленнен жасалған және сумен, кәрізбен және газбен жабдықтауда қолданылады. Зауыт құбырларының сапасы тек Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де жоғары бағаланады. 2021 жылы зауыт 9000 тонна құбыр өнімдерін шығарды, бұл соңғы бес жылдағы көлемнен үш есе көп. 2022 жылдың аяғында әлемдік экономикалық қиындықтарға қарамастан 7000 құбыр шығарылды.

 

Ал біз не ұтамыз?

Ірі компаниялар  – мемлекет кірісінің негізгі көзі. 1993 жылдан бастап ТШО Қазақстан Республикасына тікелей қаржылық төлемдер түрінде 176 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы құйды, оның ішінде 43,6 миллиардтан астамы – жергілікті тауарлар мен қызметтерге ақы төлеуге жұмсалды. Тек 2022 жылдың өзінде "Теңізшевройлдың" ел экономикасына тікелей қаржылық төлемдері 14,5 миллиард АҚШ долларын құрады – бұл рекордтық көрсеткіш. Бұдан басқа, 2022 жылдың соңына қарай қазақстандықтар 1993 жылғы 50%-бен салыстырғанда ТШО негізгі өндірісіндегі барлық лауазымдардың 94,8%-ын иеленді. Сондықтан Үкімет елдегі инвестициялық ахуалды жақсартуға тырысады: ірі инвесторлар – бұл ірі бизнес, ал ірі бизнес – салықтар мен жұмыс орындары.

Әлеуметтік нысандар

Ірі бизнестің тағы бір міндеті – жұмыс істейтін аймағын қолдау. 1994 жылдан бастап «Шеврон» әлеуметтік жобаларға шамамен 500 миллион доллар салды компания денсаулық сақтау, білім беру және экономикалық даму жобаларында жергілікті және орталық органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және басқа мекемелермен жұмыс істейді. Ал "Теңізшевройл" Атырау облысындағы әлеуметтік жобалар мен бағдарламаларға шамамен 2,7 млрд доллар инвестиция салды.

2022 жылы ТШО "Игілік" әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасына 30 млн доллар бөлді. Қаражаттың басым бөлігі Атырау облысында балабақшалар, мектептер салуға және ауруханалар үшін медициналық жабдықтар сатып алуға жұмсалады.

Жастарды дамыту бағдарламасы бойынша "Шеврон" Атыраудағы Оқушылар сарайының құрылысын қаржыландырды. JasSpace жобасына қолдау көрсетуді жалғастыруда. 3000-ға жуық азамат JasSpace ұйымдастырған онлайн-тренингтер мен іс-шараларға қатысты: жазғы лагерь, "Самғау" бизнес фестивалі, отбасылық шеберлік сыныптары, хакатондар және STEAM фестивалі.

 

Медицина және заманауи технологиялар

Мұнай-газ корпорациясы қазақстандық ауруханаларды қымбат құрал-жабдықтармен қамтамасыз ете отырып, "Аяла" қайырымдылық қорымен "Тыныс ал" жобасы аясында ынтымақтасып келеді. 2021 жылы №12 Ақмола облыстық ауруханасы сараптамалық кластағы заманауи УДЗ аппаратын және 8 кардиомонитор алды, ал 20 қызметкер жаңа жабдықтармен жұмыс істеуге оқуға мүмкіндік алды.

2020 жылы Шеврон COVID-19 пандемиясымен күресуге көмектесетін дәрі-дәрмектер мен жабдықтарды сатып алуға 20 миллион доллардан астам қаражат бөлді. Қазақстанның медициналық мекемелерінің әлеуетін арттыру үшін компания iCAP-пен (Колумбия университетінің қоғамдық денсаулық сақтау мектебі) ынтымақтасады – бұл жұқпалы аурулардың алдын алу және емдеумен, сондай-ақ мониторинг бағдарламасын әзірлеумен және іске асырумен айналысатын дәрігерлерді даярлау.

Өркендеу

"Шеврон" Қазақстанда мыңдаған жастарды, қалалық және ауылдық мектептердің мұғалімдері мен жаттықтырушыларын қамтитын білім беруді дамыту бағдарламаларын қолдайды.

2022 жылы "Шеврон" nFactorial бағдарлама әзірлеушілерді кәсіби даярлау мектебімен бірлескен жобаны іске қосты, оның түлектері үздік әлемдік IT-компанияларға жұмысқа орналасады. Мектептің миссиясы  – 10 000 жоғары білікті IT-мамандарды даярлау.

"Шеврон" компаниясының қолдауымен nFactorial мектебі Қазақстанның барлық өңірлерінен 200 студентке арналған жазғы лагерьдің есігін ашты. Қатысушылар веб-әзірлеу және дизайн негіздерін үйренді және оқытудың соңында ең жақсы жергілікті және халықаралық IT-компаниялардың кәсіби әзірлеушілерінің қолдауымен өздерінің бірегей веб-қосымшаларын ұсына алды.

Адамдар

2022 жылы "Шеврон" Caravan of Knowledge қорымен бірлесіп мұғалімдерге арналған озық даярлау және сертификаттау бағдарламаларын, мектеп зертханаларын жаңғыртуды, дәрістерді, шеберлік сыныптарын, оқушыларға арналған конкурстар мен олимпиадаларды, STEAM әдістемесі бойынша ашық білім беру ресурстарын құру мен дамытуды, сондай-ақ Steam офлайн және онлайн кеңістіктерін құруды қоса алғанда, бірқатар бағдарламаларды іске асырды.

2022 жылдың қыркүйегінде "Шевронның" қолдауымен Астанада PRO.NRG FEST алғашқы отбасылық ғылыми фестивалі өтті. Ғылымға, өнерге және технологияға арналған фестивальдің негізгі мақсаты – оқушылардың, ата-аналар мен мұғалімдердің ғылымға деген қызығушылығын арттыру. Фестивальді ұйымдастырушылар ғылым, өнер мен технологияның дамуы тек Зумерлер буынына ғана емес, болашақта елдің дамуына ықпал ететініне сенімді.

Қоршаған орта

2022 жылдың қыркүйегінде Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы (АСБК) "Шевронмен" бірлесіп "Students for Nature" жобасын іске қосты. Жаңа жоба қазақстандық университеттерге қоршаған ортаны қорғау бойынша болашақ мамандарды даярлауға көмектесуге бағытталған.

Жай ғана қайырымдылық емес

Стратегиялық әріптестіктің 30 жылында "Шеврон" қазақстандық мамандардың дамуына инвестиция сала отырып, отандық тауарлар мен қызметтерді сатып ала отырып, мыңдаған жұмыс орындарын құра отырып, Қазақстан экономикасының дамуына елеулі үлес қосты. "Шеврон" Теңізді инфрақұрылыммен, жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді және өңірге қолдау көрсетеді. Шетелдік компаниялармен ынтымақтастық Қазақстанға халықаралық жобаларға қатысуға және дипломатиялық байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.

Ашық көздерден алынған ақпаратқа сәйкес, инвестормен келісімшартқа 40 жылға қол қойылды. Осы мерзім өткеннен кейін Теңіз кен орны мемлекеттік меншікке оралуға тиіс және жұмыс істеп тұрған үкімет ынтымақтастықты ұзартуды немесе өндірумен өз бетінше айналысу мәселесін шешеді.