Астана кәсіпкерлерінен мемлекет пайдасына 1 млрд теңгеден астам қаржы өндіріп алынды. Бұл туралы ҚР Бас прокуроры Берік Асылов мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Жоғарғы Сот қаулысы елордалық «Думан» қонақ үй кешенінің иелерінен 1,3 млрд теңге өндіріп алуға мүмкіндік берді. Бұдан басқа, соттар заңсыз сатылған мемлекеттік мүлікті қайтару жөніндегі ондаған талаптарды қанағаттандырды. Олардың ішінде өндірістік нысандар, базарлар, коммерциялық үй-жайлар, элиталық учаскелер және басқалары бар», - деді Бас прокурор.
Сондай-ақ, сот шешімі бойынша Атырау қаласындағы Сұйытылған мұнай газды сақтау паркінің 50% үлесі Атырау мұнай өңдеу зауыты меншігіне қайтарылғаны белгілі болды.
«Құқық қорғау органдары қылмыстық істер шеңберінде жалпы 620 млрд теңгеге активтерді қайтарды, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 575 млн доллар келді. Басқа мемлекеттерге құқықтық көмек көрсету туралы 100-ден астам сұрау хат жолданды. Олар бойынша 100 млн АҚШ долларынан асатын мүлікке тыйым салынды», - деді Б. Асылов.
Бұдан бөлек, Қаржы министрлігі қаржы-өнеркәсіп топтарының кәсіпорындарынан қосымша 100 млрд теңгеден астам салық өндіріп алған. Ал Экология және табиғи ресурстар министрлігі қаржы-өнеркәсіп топтарының компанияларына 7 млрд теңгеге жуық айыппұл салса, Бәсекелестікті қолдау және дамыту агенттігі 4 млрд теңгеге санкциялар қолданған.