Елімізде миллионға жуық адам зейнетақы жинақтарын тұрғын үй сатып алуға және емделуге пайдаланған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БЖЗҚ мәліметінше, 2021 жылғы қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша салымшылардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарын пайдалануға 1 361 040 өтініші қанағаттандырылған. Қазақстандықтардың уәкілетті оператор-банктерде ашылған арнайы шоттарына БЖЗҚ 3,2 трлн теңгеден астам қаражат аударылды. Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы шамамен 2,35 млн теңге. Бірегей өтініш берушілер саны – 692 936 адам. Бұл бағытта Алматы (17,55%), Астана қалаларының (13,96%) және Маңғыстау облысының (10,31%) тұрғындары белсенділік танытқан.
Салымшылардың өз жинақтарын пайдаланатын мақсаттарын талдасақ, барлық өтініштердің шамамен 36% – азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) және жеке тұрғын үй салу (меншігінде жер телімі болған кезде), 21% – тұрғын үй құрылыс жинақ бағдарламалары бойынша зейнетақы қаражатын салымшылардың (алушылардың) пайдалануы үшін, 21% –тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына одан әрі жинақтау үшін салымды толықтыру мақсатында, 20% – ипотекалық тұрғын үй қарызын бастапқы жарнадан қайта қаржыландыруға және толық өтеуге дейін пайдалану мақсатында беріліпті.
Сондай-ақ, БЖЗҚ 334,08 млрд теңге көлемінде емделуге берілген 414 326 өтінішті орындады. Емделуге алынған қаржының орташа сомасы шамамен 0,8 млн теңге. Бірегей өтініш берушілердің саны 302 034 адам. Осылайша, жинақталған зейнетақы қаражатын тұрғын үйге пайдалану кезіндегідей, емделуде де кейбір қазақстандықтар өз қаражаттарын бірнеше рет пайдаланған.
Өтініштердің 96% астамы стоматологиялық, 2,71% офтальмологиялық қызметтерді алу үшін орындалды. Қалған медициналық бағыттарға зейнетақы жинақтарының 1% азы пайдаланылды.