Су-30 ұшақтары, "Тор" зымыран кешені: Қазақстан қандай әскери техникалар сатып алды

Ғалиасқар Думан

2022 жылы Қарулы күштер қанша техника сатып алғаны белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

«Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігі жылдан жылға артып келеді. Ол үшін бюджетте 20 млрд теңгеден астам қаражат көзделген. Жауынгерлік әзірлік қарқынын арттыру үшін жартыжылдық оқу циклі енгізілді, ол әскери бөлімдердің және әскери қызметшілердің даярлығы сапасын арттыра түсті. Әскерде қазіргі заманғы оқыту әдістемесі енгізіліп, ресурсты үнемдеу үшін полигон жабдығы мен оқу тренажерлерінің саны ұлғайтылып жатыр», - делінген Қорғаныс министрінің орынбасары Руслан Шпекбаевтың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында.

Оның айтуынша, былтыр сатып алынған техниканың ішінде әскери ұшаұқтар мен зениттік-зымыран кешені де бар.

«2022 жылы Қарулы күш құрамалары мен әскери бөлімдеріне 150-ден астам жаңа әскери техника сатып алынды, оның ішінде көпфункционалды Су-30 СМ ұшақтары, ТОР-М2Э зениттік-зымыран кешені, «Арлан» броньды дөңгелекті машиналары, GM-403 радиолокация станциясы, робототехника кешені және басқа бар. Бұдан басқа, 10 мыңнан астам арнайы құрал мен қазіргі заманғы байланыс құралдары қару-жараққа алынды. Сонымен қатар, 90-нан астам әскери техника күрделі жөндеуден және жаңғыртудан өткізілді», - делінген жауапта.