«Неге маған тыжырайып қарайсыз?»: Мұхамедиұлының соты дауға ұласты

Аян Өрібай

Адвокат Айгерім Әнуарбек бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның туған-туыстарына бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ulysmedia.kz

Бүгінгі сотта Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты Айгерім Әнуарбек сотқа Zoom арқылы қаншама адам қатысып отырғанымен, олардың кейбірінің белгісіз екеніне назар аударды. Адвокаттың айтуынша, ашық сот болғанымен, сотқа онлайн қосылған адамдар нақты аты-жөнін көрсетпейді.

«Бізге олардың кім екені белгісіз. Сот бізге кімдердің қатысып отырғанын айтпады. Zoom-да қазір жүзге жуық адам отыр. Олардың ішінде мүмкін толығымен антикордың адамдары отырған шығар?! Арасында провакацияға мүдделі адамдар бар ма екен? Сол себепті хатшыға кімдердің қосылғанын бақылауды тапсыруды сұраймын», - деді ол.

Адвокаттың сөзіне қарағанда, бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан Арыстанбек Мұхамедиұлына айыптауға басымдық бере отырып, шындыққа сай келмейтін ақпараттар таратылған.

«Сот материалдарына сәйкес келмейтін, оның (Мұхамедиұлының – авт.) ар-ожданына нұқсан келтіретін, халықтың ашуын туғызатын ақпарат таратылуда. Ал сот өз тарапынан мұндай ақпараттарға ешбір реакция білдірмейді. Жолын кеспейді, сот отырысы барысында тәртіпті қамтамасыз етпейді. Мен бұдан бұрын да айттым. БАҚ өкілдерін алтыншы қабатқа шығару жөнінде судьяның өтініші сот тәртібін қамтамасыз ете алмайды», - дейді ол.

Қорғаушы тарап осылайша, сотқа онлайн режимде қатысқан адамдардың бәрінің аты-жөнін жариялауды талап етті.

«Қазір БАҚ тарапынан Арыстанбек Мұхамедиұлына қарсы буллинг жүріп жатыр. Бізге қазір қысым көрсетіліп жатыр. Мұхамедиұлы мен оның туған-туыстарына қысым көрсетілуде. Оның балалары бар. Мұхамедиұлының өзіндей олардың да еш айыбы жоқ», - деді ол.

Алайда прокурор сот тарапынан сотталушылардың қақы тапталмағанын айтып, адвокаттың өтініші орынсыз екені жөнінде позициясын білдірген. Алайда экс-министрдің тағы бір адвокаты Мұстақым Төлеев әріптесі Айгерім Әнуарбектің өтінішін қолдап, онлайн режимде қатысқан адамдардың бәрінің аты жариялануы керектігін айтты.

«Инкогнито отырған адамдардың ішінде Мұратов та, Тәжібаев та, Мауытханов та көріп, сот процесіне мониторинг жасап отырғанына күмәнданбаймын. Тіпті Тұңғышбай Жаманқұлов та көріп отырған шығар!? Кезекті шабуылына да дайын отырған болар, бәлкім!? Осыған байланысты онлайн қатысып отырғандарды сүзгіден өткізу керек», - деді Төлеев.

Адвокат өтініш беру кезінде судья Бағлан Ыдырысовпен біршама сөзге келіп қалды. Адвокат судьяға «менің өтініштерімді шеттетесіз» деп, тіпті сөз арасында «неге маған тыжырайып қарайсыз?» деп айтып салды. Судья Ыдырысов адвокат Әнуарбекке «сіз не айтып тұрсыз, кәсіби заңгерсіз, олай айтқаныңыз дұрыс емес» деп, адвокаттың тәртібіне байланысты жеке қаулы шығаратынын ескертті.

«Адвокат Әнуарбектің өзі бірнеше рет сот тәртібін бұзды. Сол үшін бірнеше рет ескерту алды. Сот тең құқықты қамтамасыз етіп отыр. Сот істің жан-жақты әрі шынайы өткізілуіне мүдделі. БАҚ тарапынан провакация жасалып жатқаны туралы адвокаттар тарапынан бұған дейін сұрау болмаған. Әнуарбектің өзі нақты не жайлы жазылғанын айтуы керек еді», - деді судья Ыдырысов.

Алайда адвокат Әнуарбек мұны да өзіне қарсы жасалған қысым ретінде қарастыратынын айтты.

Бүгін куәгерлерден жауап алынып жатыр.