Қаржы министрлігінің басшысы Ерұлан Жамаубаев кәсіпкерлердің Kaspi-аударымдары бойынша тексерулердің басталуы туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
"Қандай тексерулер? Біз Kaspi-карточкаларын ұстаушыларға қатысты ешқандай тексерулер бастаған жоқпыз. Маған актілерді көрсетіңіз, оны өзім анықтаймын", - деді Жамаубаев Мәжіліс кулуарында.
Десе де, ол 100-ден астам аударым жасайтын адамдар бақылауға алынатынын атап өтті.
"Менің білуімше, мұндай адамдардың тізімі әлі түзіліп жатыр, біз екінші деңгейдегі банктермен ақпарат алмасуды жолға қойып отырмыз. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Мониторинг жасайық және қоғамды дүрліктірмейік, өйткені бұл 2025 жылға дейін жоспарланған жұмыс. Ешқандай тексеру болмайды, адамдарға және бизнеске ешқандай қысым болмайды. Мен сізге кепілдік беремін", - деп сендірді ол.
Ол сондай-ақ мемлекеттік кірістер комитеті жалған есеп берумен айналыспайтынына сендірді.
"Комитет қалай жалған есеп бере алады? Бұл мүмкін емес. Біз ақпаратты басқа мемлекеттік органдардың дерекқорларынан аламыз. Егер біреу жалған есеп жасаумен айналысса, мен сол адамды өзім жұмыстан шығарамын", - деп түйіндеді Жамаубаев.
Айта кетейік, бұдан бұрын бизнес-омбудсмен Рустем Жүрсінов кәсіпкерлер көбінесе мемлекеттік органдардың тексерулеріне, негізсіз салынатын айыппұлдарға шағымданатынын айтқан.