Алматылық шенеуніктер мемлекеттік сатып алу арқылы бюджет ақшасын ұрлаған

Ulysmedia

Алматы қаласы Спорт басқармасының бірнеше қызметкері аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін жымқыру және ысырап ету жолымен кінәлі деп танылды. Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлайды.

Ашық дереккөз

Істі Медеу ауданының №2 соты қарады. Анықталғандай, 2020 жылдың қарашасынан 2021 жылдың желтоқсанына дейін Спорт басқармасы қалада кешенді спорттық бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізген.

«Басқарма басшысы қаржы-шаруашылық және элиталық спорт бөлімінің басшыларымен алдын ала келісе отырып, өзінің қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, жоғары бағамен қызметтерді сатып алған, сонымен қатар іс жүзінде орындалмаған жұмыстардың ақысын төлеген.

«К» ЖШС-нің директоры бірқатар іс-шараларды өткізуге басқарманың рұқсатын алып, премиум санаттағы бұйымдарды, спорттық құрал-жабдықтарды сатып алу құнын асыра бағалау және бірқатар шараларды орындамау арқылы спорттық жарыстарды өткізуге бөлінген бюджет қаражатын ұрлаған», - деп хабарлады сот.

Үш мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салумен 3 жылдан 4 жыл 6 айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Спорт басқармасының басшысына қатысты президентке мемлекеттік награда – «Ерен еңбегі үшін» медалінен айыру туралы ұсыныс енгізілді.

ЖШС директоры 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сотталғандардан мемлекет есебінен 330 миллион теңге материалдық шығын өндірілді.