Ресейлік ірі мұнай тасымалдаушысының кемелері лицензиясынан айырылды

Ulysmedia

Lloyd's Register жаһандық кеме қатынасын реттеуші 3 маусымнан бастап үнділік Gatik Ship Management корпорациясының 21 танкерінің лицензиясын қайтарып алатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Ашық дереккөз

Үндістанның Gatik Ship Management корпорациясы Украинадағы соғыстан кейін ресейлік мұнайдың негізгі тасымалдаушысы болды. Бұған дейін Гатик өзінің 36 кемесін Сент-Китс және Невис халықаралық кеме тізілімі жалауларын алып тастағаннан кейін жаңа туларды іздеуге мәжбүр болған.

Американдық ірі сақтандырушы American Club да Reuters агенттігіне Гатик кемелерін бұдан былай сақтандыруды қамтамасыз етпейтінін айтты, ал ресейлік Ingosstrakh сақтандыру компаниясы болашақта үнділік корпорациямен жұмыс істемейтінін мәлімдеді.

Еске салайық, Ресейдің Украинаға басып кіруіне жауап ретінде батыс державалары ресейлік мұнайға барреліне 60 доллар көлемінде шекті баға белгілеген болатын. Еуропалық Одаққа кірмейтін елдер ресейлік мұнайды теңіз арқылы импорттай алады, бірақ батыстық кеме иелері мен сақтандырушыларына мұндай жүктерді тасымалдауға тыйым салынады.