4 млн теңге: жас ақын-жазушыларға президенттік әдеби сыйлық беріледі

Ғалиасқар Думан

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов елімізде биыл тұңғыш рет дарынды жастарға мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында Президенттік арнаулы әдеби сыйлық табысталатынын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Президеттік әдеби сыйлық негізгі 4 номинация бойынша үздіктерді анықтайды. Үміткерлер «Проза», «Поэзия», «Драматургия» және «Балалар әдебиеті» бойынша өз еңбектерін ұсына алады. Әр номинацияда жеңімпазға 4 млн теңге сыйақы және «Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың лауреаты» атағы, диплом және төсбелгі беріледі.

Әдеби сыйлыққа 18-35 жас аралығындағы қаламгерлер үміткер бола алады. Өтінімдер 2023 жылғы 1 маусымнан 30 маусымға дейін, қағаз және электронды нұсқада қабылданады. Басты шарт – Президенттік әдеби сыйлыққа ұсынылатын жұмыс осыған дейін халықаралық және ұлттық байқауларға қатыспаған, тың туынды болуы керек.

«Мұндай бастамалар отандық әдебиетті дамыту үшін ғана емес, қазақ тіліндегі контентті көбейту үшін, әсіресе балалар әдебиеті саласындағы контентті көбейту үшін  қажет. Бүгінде министрлік театр өнеріне үлкен көңіл бөліп отыр. Біздің мақсатымыз-отандық авторлардың қойылымдарының санын арттыру. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін жас драматургтер маңызды рөл атқаратынына сенімдімін»,- деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.