Қару-жарақ дүкеніндегі жарылыс: Қостанай соты үкім шығарды

Ғалиасқар Думан

Қостанай қалалық сотында төрт адамның өмірін қиған қару-жарақ дүкенінде жарылысқа қатысты атышулы іс бойынша үкім шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Tengrinews

Еске салайық, Қостанайдағы "Оружейная палата" дүкенінде өткен жылдың 3 қыркүйегінде жарылыс болды. Салдарынан жақын маңдағы бір қабатты үйлер отқа оранды. Өрт жақын маңдағы ТҚС ғимараттарының, асхананың шатырларына өтіп, 2000 шаршы метрден астам аумақты шарпыған. 

Өрт салдарынан төрт адам қаза тапты, сонымен қатар алты адам әртүрлі дене жарақаттарын алып, азаматтардың мүлкіне жалпы сомасы 491 млн 31 мың 129 теңге залал келтірілді.

Іс бойынша жауапкер "Сатурн 2012" ЖШС мен "Оружейная палата" дүкенінің басшысы Сергей Бескровный болды.

Оған "Жауапты адамның абайсызда ауыр зардаптарға және төрт адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуы" бабы бойынша айып тағылды.

Сот үкімі бойынша Сергей Бескровный 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі төмен колонияда өтейтін болады.