Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропаға мұнай жеткізу бағыттары туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның айтуынша, энергетика секторы дәстүрлі түрде Қазақстанның Еуропалық Одақпен өзара іс-қимылындағы негізгі бағыттардың бірі болып отыр.
«Біз энергия ресурстарын тасымалдау бағыттарын әртараптандыру бойынша мақсатты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта Қазақстан мұнайының Еуропаға экспортының 80%-ы Каспий құбыр консорциумы арқылы жүргізіледі. Ортақ мүдделерге сүйене отырып, біз осы стратегиялық маңызды мұнай құбыры арқылы ұзақ мерзімді және тұрақты жеткізілімдерді қамтамасыз ету үшін ЕО тарапынан әрі қарай да қолдау күтеміз», - деді Президент «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» басшыларының екінші кездесуінде.
Президент әзербайжандық серіктестермен тығыз ынтымақтастықта Транскаспий бағытын да дамытып жатқанын еске салды.
Мысалы, биылғы қаңтар айынан бастап «Ақтау – Баку – Тбилиси – Джейхан» бағыты бойынша жылына 1,5 миллион тонна қазақстандық мұнай жіберу басталды.
«Орта мерзімді перспективада «Ақтау – Батуми» бағыты бойынша мұнай экспортын кеңейтуді, сондай-ақ, Транскаспий бағытының құбырлары арқылы айдау көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Оған қоса, Қазақстан Германияға «Дружба» құбыры арқылы мұнай жеткізуді бастады. Жыл басынан бері 90 мың тонна көлемінде жеткізілім болды. Бұл көрсеткішті келешекте ұлғайтып, жылына 1,2 миллион тоннаға дейін жеткізу әлеуеті бар», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салайық, бүгін «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» басшыларының кездесуіне қатысу үшін президент Шолпан-Атаға ұшып барды.