Алматы облысында бүлдіршінді ұрған жаттықтырушының үстінен іс қозғалды

Ғалиасқар Думан

Алматы облысында балабақша тәрбиеленушісін ұрған каратэ нұсқаушысы жұмыстан босатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

видеодан кадр

Оқиға Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласында орналасқан «Айжан» бөбекжай балабақшасында болған.

«26 мамырда Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласындағы «Айжан» бөбекжай балабақшасының «Жалын» тобындағы тәрбиеленушінің ата-анасынан каратэ нұсқаушысы баласын жұлқылап, ұрды деген ауызша шағым түсті. Жағдай арнайы бейнебақылау камерасы арқылы дәлелденді. Балабақшаның спорт залында тұрған бейнебақылау видеосын қарағанда каратэ нұсқаушысы жаттығу барысында балаларды қолымен нұқып, аяғымен түртіп, жұлқылағаны анықталды»,- делінген Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарламасында.

Жағдайға байланысты балабақша қызметкерлерінің қатысуымен жиын өтті.

Каратэ нұсқаушысынан түсініктеме алынып, педагогикалық этика нормалары мен лауазымдық нұсқаулығында көрсетілген міндеттерді орындамағаны үшін «қатаң сөгіс» берілді. Сонымен қатар, ол өз өтініші бойынша жұмыстан босатылды.

Ведомство мәліметінше, бүгінгі күні балабақшаның «Жалын» тобының тәрбиеленушілерінің ата-аналары Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасына шағым түсірген. Тергеу амалдары жүріп жатыр.