Министр Қазақстанда вейптерге тыйым салынбау себебін түсіндірді

Ғалиасқар Думан

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанда неліктен вейпке тыйым салынбай отырғанын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Министрдің сөзінше, бизнеске кедергі келтірмеу үшін Денсаулық сақтау министрлігі реттеушілік әсерді талдауы керек.

«Реттеушілік әсерді талдау деген бар. Бұл ретте, бизнестің мүддесіне нұқсан келтірмеу үшін тиісті заңнамалық реттеу тәртібі (жаңа заң жобасы, ережелер) осы процестен өтуі керек. Тиісті заң жобасын әзірлейтін әрбір уәкілетті орган реттеушілік әсерді талдау процесінен өтуі керек. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі оны жарты жылдан бері өткізе алмай отыр. Біз оны қайта пысықтау үшін бірнеше рет қайтардық. Өйткені олар мұны аталған талдау процесі ережелеріне сәйкес жасамаған», - деп түсіндірді Қуантыров.

Министрдің айтуынша,  Денсаулық сақтау министрлігі бәрін дұрыс жасаса, Экономика министрлігі тиісті қадамды жасауға дайын.

“Өз басым вейптерге тыйым салуды қолдаймын”, - деді Ә. Қуантыров.

Айта кетейік,  Қазақстанда балалардың вейп пен басқа да электронды темекі шегуге құмарлығы артып келеді. Елдегі балалардың 5,8 пайызы электронды темекі тартатыны белгілі болды.