Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі Қаңтар оқиғасында бүлінген әкімдіктің ғимаратын жөндеу жұмыстары қашан аяқталатынын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әкімдіктің мәліметінше, Төтенше жағдайды енгізу туралы Президенттің 2022 жылғы 5 қаңтардағы №725 тапсырмасын орындау мақсатында Үкіметтің төтенше резервінен Алматы әкімі аппаратының ғимаратын қалпына келтіру жұмысын бастауға қаражат бөлінген.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның 39-бабы 3-бөлігі 4-тармақшасы негізінде 2022 жылы 27 сәуір күні Алматы қаласының құрылыс басқармасы мен «Атрикс-Строй» ЖШС арасында Алматы қаласы әкімі аппаратының ғимаратын қайта жаңарту туралы шарт жасалған.
«1, 2, 3 павильон бойынша сметалық құнның сомасы - 12 662 747 мың теңге және 4 павильон - 4 484 643 мың теңге (барлығы 17 147 390 мың). Бүгінгі таңда барлық павильондарды демонтаждау және сейсмикалық күшейту жұмыстары аяқталды, ішкі әрлеу жұмыстары, инженерлік желілерді төсеу, салқындату жүйесі жабдықтарын орнату, фальшедендерді монтаждау, қасбетті мәрмәр және травертинмен қаптау, терезе блоктарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Осы жылдың маусым айынан бастап барлық павильондарды кезең-кезеңімен тапсыру жоспарланған. Жұмыстар кестеге сәйкес атқарылып жатыр. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау қазан айына белгіленген», - делінген хабарламада.
Еске салайық, жыл басында Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратын қалпына келтіруге Үкімет резервінен 7 млрд теңгеден астам қаражат бөлінетіні хабарланған.
Сондай-ақ, бұдан бұрын Қаңтарда қаза тапқандар әкімдік ғимаратына шабуыл жасағаны үшін сотталған болатын.