Шардаралық ата-аналар жазғы лагерь жұмысына шағымданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бір топ ата-ана балаларын жіберген жазғы лагерге қатысты шағымдарын әлеуметтік желі арқылы жеткізді. Видео авторлары демалыс аймағының талапқа сай келмейтіндігін айтқан және тәрбиешілердің ішімдік ішіп алғанын сөз еткен. Тіпті, балалардың да «үйге қайтайықшы» деген сөздерін желіге жүктеген.
“Түлкібас ауданындағы мына лагерден түрмедегі ахуал дұрыс шығар деп ойлаймын. Осы лагерді ашуға рұқсат берген шенеуніктердің маңдайындағы көз бе,тасырайып тұрған без бе? Не сұмдық мынау? Лагерді ашқандар мен ол жерде қызмет атқарып жүргендердің мақсаты балаларға ғажайып демалыс сыйлау емес, бөлінген ақшаны игеру,сол қаржыдан қарпып жеу болып тұр ғой, солай ма? Осы лагерде демалатын балаларды тамақтандыруға, тазалық жұмыстары мен басқа да қызметтерге бір маусымға қанша ақша бөлінді”, – делінген жазбада.
Аталған жағдайға байланысты Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы мәлімдеме жасады.
«Әлеуметтік желіде 1-2 ата-ана жазғы-сауықтыру лагерінің жұмысына көңілі толмайтындығын жеткізіп, ата-аналарға ұл-қыздарын алып қайту жөнінде айтқан. Содан ата-аналар арасында түсініспеушілік туындаған. Осыған орай Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы Тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Ж.Маханбетов пен бас маманы К.Оспанова және Шардара аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы А.Қадырбаева тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізілуде», - делінген ақпаратта.
Басқарма мәліметінше, Шардара аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі мен Түлкібас ауданы, Састөбе ауылында орналасқан «Арман» және «Ерке» жекеменшік жазғы сауықтыру лагерлері арасында түзілген келісім-шарт негізінде 8 маусымнан бастап 600 оқушы демалысқа жіберілген. Оқушылар үшін лагердегі демалыс уақыты 10 күнді қамтиды. Мұнда демалуға негізінен көп балалы, жартылай жетім және аз қамтылған отбасылардың балалары келген.