Орман өрті: ауыр зардаптарға жол берген шенеуніктер жауапқа тартылады

Ғалиасқар Думан

ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев Абай облысындағы орман өрті бойынша өз қызметіне салғырт қараған шенеуніктер қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

«Абай облысындағы ауқымды өртке қатысты Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3 бөлігі бойынша іс қозғалды. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы аясында аталған істің тергелуі Бас прокуратураға жүктелді. Осы орайда құқық қорғау органдарының білікті тергеушілері мен жедел уәкілдерді жұмылдыра отырып, тиісті тергеу тобы құрылды. Қазір тергеу тобы Абай облысындағы апат аумағында жұмысын бастап кетті», - деді Ж. Өмірәлиев.

Оның айтуынша, өрттің салдарын, қоршаған ортаға келтірілген залалды, 14 адамның өз қызметтік борышын өтеу барысында қаза болуын ескере отырып, тағы бір қылмыстық іс қозғалған.

«Қызметіне салғырт қарау бабы бойынша өз қызметін тиісті деңгейде атқармаған, ауыр зардапқа жол берген барлық лауазым иелері қылмыстық жауапқа тартылады», - деді Бас прокурордың орынбасары.  

Айта кетейік, бұдан бұрын ІІМ басшысы Марат Ахметжанов өртті дер кезінде ауыздықтай алмаған экс-министр Юрий Ильиннің әрекеті тексерілетінін мәлімдеді.

Еске салсақ, 8 маусымда “Семей орманы” аумағында өрт  тұтанған болатын. 9 маусым күні кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.

Абай өңірінде ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, жаңа министр тағайындалды. Абай облысының әкімі өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сөгіс алды.

Өртпен арпалысып жүріп 14 адам қаза тапты. «Семей орманы» Новошульба филиалының 14 қызметкерінің фотосуреттерін Экология министрі Зүлфия Сүлейменова жариялады. Мемлекет басшысы шетелге сапарынан бас тартып, өңірге арнайы барып, қаза тапқан орманшылардың отбасына көңіл айтты.

Қаралы қайғыға байланысты 12 маусым елімізде Аза тұту күні болып жарияланды.

Абай облысына аттанған үкіметтік комиссия 10 күн тергеу жүргізіп, өртті сөндіру кезінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуына жол берген адамдарды анықтамақ.