Атырау мен Шымкентте терроризмді насихаттағандар сотталды

Ғалиасқар Думан

Атырау облысының тұрғыны терроризмді насихаттағаны үшін 5 жылға сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, Атырау қалалық №2 соты Атырау облысының тұрғыны Т.-ны терроризмді насихаттағаны үшін кінәлі деп танып, 5 жылға бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енді. Тергеу оның діншілер арасында радикалды діни идеологияны белсенді таратып, азаматтық тұлғаларға қатысты зорлық әрекеттерге шақырғанын дәлелдеді.

«Сондай-ақ Шымкент қалалық Әл-Фараби аудандық сотының үкімімен Шымкент қаласының 2 тұрғыны осы факті бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар халықаралық террористік ұйымдардың уағызшыларының ықпалына түскен. Тергеу барысында анықталғандай, олар әлеуметтік желі арқылы терроризм идеологиясын насихаттаған. Сондай-ақ террористік әрекеттер жүріп жатқан аймаққа бару үшін шетелдік содырлармен байланыспақшы болған», - делінген хабарламада.

Аталған тұлғалардың кінәсі куәгерлермен, заттай деректермен және басқа да материалдармен толық дәлелденді. 2023 жылдың басынан ҰҚК антитеррор құрылымдары террористік сипаттағы қылмыстарды жасады деген күдікпен республиканың 31 тұрғыны мен шетелдік азамат ұсталды. Сот органдары осы уақыт аралығында осындай фактімен тағы 10 адамды түрлі мерзімге темір торға жапқан.