Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Абай облысындағы орман өрті қашан толықтай cөндірілетінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Қазіргі кезде өрт оқшауланды. Алайда өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Қызыл жалынды толық сөндіруге керек күш пен құралдар бар. Басшылық сонда жүр. Өрт шарпыған жалпы аумақ 60 мың гектар болған. Өрт толық өшкен жоқ. Бірақ оны оқшауладық», - деді И. Күлшімбаев Сенат кулуарында.
Вице-министр алдағы 4-5 күнде өрт толықтай сөндірілуі мүмкін екенін жеткізді.
Еске салсақ, 8 маусымда “Семей орманы” аумағында өрт тұтанған болатын. 9 маусым күні кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.
Абай өңірінде ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, жаңа министр тағайындалды. Абай облысының әкімі өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сөгіс алды.
Өртпен арпалысып жүріп 14 адам қаза тапты. «Семей орманы» Новошульба филиалының 14 қызметкерінің фотосуреттерін Экология министрі Зүлфия Сүлейменова жариялады. Мемлекет басшысы шетелге сапарынан бас тартып, өңірге арнайы барып, қаза тапқан орманшылардың отбасына көңіл айтты.
Қаралы қайғыға байланысты 12 маусым елімізде Аза тұту күні болып жарияланды.
Абай облысына аттанған үкіметтік комиссия 10 күн тергеу жүргізіп, өртті сөндіру кезінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуына жол берген адамдарды анықтамақ.
Сондай-ақ, бұдан бұрын ІІМ басшысы Марат Ахметжанов өртті дер кезінде ауыздықтай алмаған экс-министр Юрий Ильиннің әрекеті тексерілетінін мәлімдеді.
Ал Бас прокуратура борман өртінің шығуы себебі бойынша үш нұсқа тексеріліп жатқанын айтты.